Алматы Кеңес одағы кезінде киноиндустрия астанасы болды. Соғыс жылдары біз тұрып жатқан мегаполис дәл осылай аталыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені әлемге әйгілі режиссерлар 1941-1944 жылдары осы шаһарда талай құнды дүниелер жасаған. Өзгелер қару асынып, отан үшін шайқасқанда, Алматыда жауынгерлердің жігерін жандырып, мінезін қайрайтын фильмдер түсірілді. Сонымен, сұрапыл соғыс кезінде кино индустриясы қалай дамыды? Қандай туындылар жарық көрді? Нендей із қалды?
Алматының қақ ортасында орналасқан мына екі қабатты ғимарат алғашында Қазақ педагогикалық институтының ұстаздарына арналып салынған. Алайда құрылыс аяқталғаннан кейін елде сұрапыл соғыс басталады. Сонда ТМД-дағы ең мықты режиссерлар келіп осында қоныстанған. Мәселен, 1941-1944 жылдары бұл үйде совет киносының аса көрнекті қайраткерлері Эйзенштейн, Пудовкин, ағайынды Васильевтер, сондай-ақ, белгілі режиссер КСРО халық әртісі Борис Бабочкин тұрған. Аталған тұлғалар сол кездегі киноиндустрияның майталмандары. Олар Сталиндік сыйақының лауреаттары болған. Сондықтан бұл үй көпшілік арасында «Лауреатник» атанып кеткен.
Сол кездегі билік қан майдан аталған салаға кесірін тигізбесін десе керек. Барлық киногерлерді осында жинады. Осылайша 1941 жылы 15 қарашада Алматыда Біріккен орталық киностудиясы құрылады. Оның құрамына Алматы көркем суретті фильмдер, Мәскеуден эвакуацияланған Мосфильм және Санк-Петербургтан келген Ленфильм киностудиясы кірді. Сөйтіп, үш жылдың ішінде ондаған фильм жарыққа шықты.
«Соғыс жылдары 1941-1944 жылдар аралығында Кеңес одағында түсірілген фильмдердің жалпы үлесін алғанда 80 пайыздай фильмін түсірген болатын. Нақытрақ айтсақ, 23 фильм және 10 қысқа метрлі фильм», – деді кинотанушы, PHD докторы Баубек НӨГЕРБЕК.
Кинотанушының сөзінше, түсірілген фильмдердің көбі соғыс туралы. Өйткені Отан үшін арпалысқан жауынгерлердің жігерін кино арқылы жаныды. «Зоя», «Секретарь РайКОМА», «Два бойца», «Она защищает Родину» сынды туынды сарбаздардың қайратын шыңдады, рухын көтерді. Фильмнің жарық көруіне отандық режиссерлар да үлесін қосты. Тәжірибе алмасты.
«Жауынгерлік киноқұрастырулар» деген болатын. Соғыста жүрген жауынгерлердің рухын көтеретін қысқа метрлі осындай фильмдерден құралған топтамалар. Соның біреуінде жас актер Шакен Айманов түскен болатын», – деді кинотанушы, PHD докторы Баубек НӨГЕРБЕК.
«Эвакуацияланған кино және театр әртістері мен мамандары Қазақстанның кино саласының дамуына үлкен үлес қосты деп айта аламыз. Себебі түсірлім алаңында болған отандық режиссерлар мен актерлер кейін, жас киногерлердің аяқтан тұруына көмектесті. Соғыс жақсы емес, әрине. Алайда эвакуацияланған мамандар аталған саланың дамуына септесті. Бүгінде сол кездегі актерлер мен режиссерлардың Қазақ киносында аттары алтын әріппен жазылады», – деді тарихшы Ләйлә АХМЕТОВА.
Соғыс аяқталады. Кеңес одағы жеңіске жетті. Қазақ даласында еңбек еткен киномамандар өз елдеріне кетті, кейбіреулері осында қалды. Айта кетейік, 1934 жылы Алматы кинохроника студиясы деген атпен құрылған мекеме 1960 жылы «Қазақфильм» киностудиясы болып қайта аталды. Биыл Шәкен Айманов атындағы студияға 86 жыл. «Бір тамшы тарих».
Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы