Республика күні: Алматыда спорт фестивалі өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жарысқа еліміздің түрлі өңірінен жиналған 1000-нан аса бала қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республика күніне орай Алматыда спорт фестивалі ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдер қатысқан іс-шарада спортшылар волейбол, футбол, дзюдодан бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Іс-шара бүгінгі күннің маңызын түсіндіретін арнайы ашылу салтанатымен басталды. Әнұран шырқалған соң, спорттық жарыс басталды. Фестиваль қалалық спорт басқармасының мұрындық болуымен өтті.

– Бұл – өте ауқымды фестиваль. Қаланың өзге аймағында спорттың басқа түрінен де жарыс өтуде. Спортшыларды Республика күнімен құттықтаймын! – деді ұйымдастырушы Азамат Иманқұлов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық фестивальде барлық қауіпсіздік шарасы қатаң сақталған. Сондай-ақ спортшылар өнеріне жоғары дәрежелі төрешілер баға бермек. Жарысқа еліміздің түрлі өңірінен жиналған 1000-нан аса бала қатысса, оның 350-ге жуығы дзюдодан сынға түсті.

– Жарыс 2012-13 жылғы балалар арасында 7 салмақтан өтіп жатыр. Ал 2014-2015 жылы туылған жасөспірімер арасында 7 салмақта бақ сынайды. Қыздардың арасында 3 салмақ тіркелді, – деді спорт клубының төрағасы Ғалым Анарбек.

Бұқаралық спортты дамытудағы маңызды бағыттың бірі – балалар және студенттер спорты. Волейбол ойынының қатысушылары жоғары оқу орындарының студенттері болса,  футболшылар жас категориясына байланысты іріктеліп алынады.

– «Ақкент» командасымен ойнадық. Біз 2:0 есебімен жеңдік. Футболды 3 жылдан аса уақыт ойнап жүрмін, – деді қатысушы Әбдірахым Жұмагерей.

Салауатты өмір салтын насихаттау аясында өткен фестивальді жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналмақ. Жас спортшылардың арасынан болашақта еліміздің туын әлемдік додада желбірететін чемпиондар шығатынына сенім мол.

Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада Республика күні қалай тойланып жатыр

Новости партнеров