Алматыда бүгінгі таңда контейнерлік алаңдардың іргелес аумақтарында ірі көлемді қоқыстарды жинау өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрғындар ескі жиҺазды, істен шыққан тұрмыстық техниканы, сантехникалық бұйымдарды қалдырады. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарынан кейін құрылыс қалдықтарын қоқыс жәшіктерінің жанынан табуға болады. Плиткалар, ескі есік жақтаулары мен кенептер, кірпіштер басқа да тұрмыстқ заттар қоқыс алаңына жиналып қалады.
Қоқыс жинайтын машиналар үлкен көлемдегі қоқыстар мен құрылыс қалдықтарын шығара алмайды, өйткені бұл техниканың престеу аппаратын істен шығаруы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, «Коммуналдық қалдықтарды басқару ережелеріне» сәйкес, жылжымайтын объектілерді салуды және жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс және ірі көлемді қалдықтарды арнайы бөлінген орындарға өзі әкетуі қажет.
«Алматы қаласының аумағын абаттандыру ережелеріне» сәйкес, ірі көлемді қоқыстарды шығаруды ірі көлемді қоқыстарды әкету шарты негізінде кәсіпорындардың, мекемелердің және жеке тұлғалардың өздері немесе қоқыс шығаратын кәсіпорындар жүргізеді.
Үйде жөндеу жұмыстарын жүргізетін тұрғындар, сондай-ақ ірі көлемді қоқыстар пайда болған кезде мамандандырылған ұйымдарға хабарласып, ақылы техниканы шақыруы немесе қалдықтарды полигонға өз бетінше шығаруы қажет. Полигондар Алматы облысының Іле ауданында және Қарасай ауданындағы Әйтей ауылында орналасқан.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру қағидаларын бұзу жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК мөлшерінде ескерту жасалып, айыппұл салынады.
Алматы ПД ақпараты бойынша, осы бапқа қатысты қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны, инфрақұрылым объектілерін және жасыл желектерді қиратқаны әрі бүлдіргені үшін 2024 жылдың 6 айында 11 577 бұзушылық тіркелді, 32 749 200 теңгеге айыппұл салынды.
Оқи отырыңыз: Алматыда картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат бағасы тұрақталады