Алматыда аулаларға лық толып, көше жиегіне қаптап кететін автокөліктер үшін көпқабатты тұрақтар жасалуы мүмкін. Алматы әкімі Ерболат Досаев бүгін Әуезов ауданының халқымен кездесуі кезінде автотұраққа қатысты ауқымды жобаның әзірленіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуезов ауданында ғана емес жалпы қала бойынша көлік тұрақтары жетіспейді. Машина көп, ал оны қоятын орын жоқ. Әсіресе «Сайран» автобекеті аумағында өмір сүретін тұрғындарға қиын.
«Мен Тастақ-1 шағынауданының тұрғынымын. «Сайран» автобекеті болғандықтан, біздің аулаға таксистер көліктерін қойып қояды, сонда қонады. Айналаны ластайды, жылдың басында абаттандыру жұмыстары басталды, ол да жақсы. Бұл жерда 3 балабақша, 1 гимназия және университет орналасқан, сол маңға көліктерін қояды. Сізден сол жерге арнайы белгі орнатып беруіңізді сұраймыз», – деді қала тұрғыны.
«Оларды қоя салу оңай емес, мен тапсырма берейін ПД мен қалалық мобилділік басқармасымен бірге қараңдар. Міселе шешімін бар ма, жоқ па? Маған айтасыздар, қарап көрейік», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Мұхамеджанов көшесінің тұрғындарын осы мәселе мазалайды. Автокөлік иелері көлік жүрмейді деген белгіге қарамастан үлкен жылдамдықпен аула арқылы ызғып, елдің құтын қашыратын көрінеді. Енді аумаққа қосымша сергек камерасын орнату мүмкіндігі қарастырылатын болды. Аулалар әбден көлікке толды, алда-жалда оқыс оқиға болса қызметтік машиналар кіре алмай әлек болады деп қиғылық салған халыққа Ерболат Досаев мәселені жүйелі шешуді қарастырып жатқанын айтты.
«Алматы бойынша көпқабатты көлік тұрақтарын жасау туралы жобаны дайындауға кірістік. Жоба әзір болған соң қалаға тиісті орындарды жалға алып отырған меншік иелеріне тұрақтарды бірнеше қабатты ету туралы ұсыныс жасамақпыз. Сонда 50-100 машина емес 500 көлікке дейін қоюға болады. Бұл ауқымды жоба. Оны жыл соңына дейін әзірлеп, мәслихатқа ұсынамыз деп отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесу барысында Жұбанов көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жұмысының жай-жапсары белгілі болды. Қалалық мобильдік басқармасының басшысының айтуынша, қазір жоба әзірленіп жатыр, ол желтоқсан айында аяқталады. Жолды ұзарту үшін 180 үй сатып алынуы керек екен. Бұдан бөлек 14 жатақхананың тұрғындары сапасыз жасалған күрделі жөндеуді сынады. Көпшіліктің айтуынша, үйді қабылдап алған соң бір жарым жылдан кейін шатырынан су кете бастаған.
«17 рет хат жаздық, 22 тұрғын басқарманың қабылдауында болды. Орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Көлемі үлкен. Су 24 квадратты басып қалған еді, қазір бір ғана тұрғын үйде ғана 334 квадратты құрап тұр. Ақша бөлуіңізді сұраймыз», – деді қала тұрғыны.
«2017 жылы тұрғындар үйді қабылдаған. Түсініктеме бар, бітіріп береміз. 8 миллион қаражат керек», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынының басшысы Данияр Қырықбаев.
«Мен тұрғын үй басқармасына тапсырма беремін, бізден бөлінген қаражатты санап, экономистер арқылы жолын тауып шешіңдер, Асқар Кемеңгерұлы», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Әлеуметтік мәселе де аз емес. Ерекше қажеттілігі бар баласын «Парасат» орталығына апаратын ата-аналар ғимараттың өте тар екенін айтқаны сол еді, артынша салаға жауапты мамандар нысанды кеңейту бойынша күрделі жөндеу жұмысының сметалық құжаты дайын, құрылыс алдағы жылы басталады деді. Сондай-ақ көпбалалы әрі мүгедектігі бар баласы бар ата-аналар оқушыларды мектепке апарып-әкелетін көлік қарастыруды сұрады.
«Сіз жыл басында автобустар болады деп айтқансыз. Сол сұрақ шешілді ме», – деді қала тұрғыны.
«Бағдарламаны дайындап жатырмыз. Әр ауданнан таңдап, 28 мектеп бойынша оқушыларды апару жағын қарап жатырмыз. Бірақ әлі бағдарламаны қабылдаған жоқпыз, бәрі ойдайғыдай болса, қыркүйектің соңына дейін аяқтаймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жиында көтерілген түйткіл көп. Жоғарыда айтылған сұрақтардан өзге аудан халқы ауланы абаттандыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға қатысты ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Айта кету керек, Ерболат Досаев Әуезов ауданымен өткен кездесуде 90-нан аса мәселе қаралды десе, бүгінге дейін соның тең жартысы шешімін тауыпты.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы