Алматыда биыл әкімдік 2600-ден астам азаматты баспанамен қамтамасыз етті. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Данияр Қырықбаев 2022 жылғы 14 шілдеде Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы болып өзгертілгенін еске салды.
Данияр Қырықбаевтың хабарлауынша, бүгінде Алматы қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 37 236 азамат тұр, оның ішінде: көпбалалылар – 4905; жетімдер – 2210; халықтың әлеуметтік осал топтары – 16 999; бюджет қызметкерлері – 13 122.
«7 айдың қорытындысы бойынша 2623 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін 5532 пәтер беру жоспарланып отыр, оның ішінде: 1451 – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және 4081 – несиелік тұрғын үй. Атап өтсем, жыл басынан бері 325 тұрғын үй сертификаты берілді», - деді Д. Қырықбаев.
Тұрғын үй бөлу туралы айта келе, ӨКҚ спикері қаланы абаттандыру мәселесіне тоқталды. Айта кетерлігі, қаладағы қызмет көрсетілетін жолдардың жалпы ауданы 25 млн м²-ден асады. Алматының 2 318 көшесінде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Қалада бұл жөндеу жұмыстарын 14 мердігер ұйым жүргізеді.
Күн сайын қала көшелерінен 1413 жол жұмысшысы және 1087 бірлік арнайы техника күшімен 90 тоннадан астам қоқыс шығарылады.
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламалары мен материалдарын тарату кезінде ӨКҚ-ға сілтеме жасау міндетті.