Алматының Әуезов ауданының қалпына келтіру жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Қала көшелері бұрынғы кейпіне оралуда. Ал коммуналдық қызметтер қираған нысандарды жөндеп, қоқыс шығару жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың коммуналдық қызметтері бүгінде қызу жұмыс істеп жатыр. Мәселен, полиция бекетіне лаңкестер өрт қойып, соның салдарынан нысанның күл-талқаны шыққан. Алайда жұмысшылар қаланы қалпына келтіру үшін барын салуда.
Алматының әр бұрышында тынымсыз еңбек етіп жүрген коммуналдық қызметкерлерді көруге болады. Әсем қаланы қалыпқа келтіру үшін атқарылуы тиіс жұмыс ұшан-теңіз. Алайда бүгіннің өзінде қалада бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылды. Мұны алматылықтардың көңіл күйінен-ақ байқауға болады.
«Жұмысшылардың арқасында қала тазарып жатыр деп ойлаймын. Әйбат, жүруге жақсы», – дейді қала тұрғыны Майра Батырбекова.
«Барлық қоқыс тазаланып, қазір Құдайға шүкір, қала өз қалпына келіп жатыр. Көріп, өзіміз қуанып жатырмыз», – дейді тағы бір тұрғын Батырхан Сәтиев.
Бүгін мегаполисте барлық бағыт бойынша қоғамдық көлік жұмысы іске қосылды. «Бұл – қалыпты өмірге оралудың айқын белгісі» дейді тұрғындар. Бастысы, енді қатынауға қалтамыздан көп шығын шықпайды деп қуанып отыр.
«Қаланың қалпына келіп жатқанын қоғамдық көлік жұмысынан байқап отырмыз. Жалпы инфрақұрылымның жүйеге келіп жатқаны қуантады», – дейді қала тұрғыны Мәскеубек Уәлиев.
«Бүгіннен бастап жұмысқа шығып жатырмыз. Адамдар осы кезге дейін таксимен жүрді. Қазір жұрт қоғамдық көлікке толық отырып жатыр. Адамдар да риза, халық та риза. Жұмыса шыққанымызға өзіміз де ризамыз», – дейді автобус жүргізушісі Сәкен Оразбаев.
Әуезов ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауданның 80 пайызы қалпына келтіріліп үлгерген. Қызмет өкілдері барынша тырысып бақты дейді олар.
«Бұзылған сауда кешендері, сауда орындары қазіргі таңда бұрынғы қалпына келіп, жұмысқа қайтадан іске қосылып жатыр. Қираған жердің бәрін полиция басқармасынан келген тергеу тобы тексеріп кетіп жатыр. Бұзылған жерлердің көбісі қалпына келіп, тазаланып, жұмысқа қосылып жатыр», – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Кенеев.
Әуезов ауданы террористерден толықтай дерлік тазартылды дейді полиция департаментінің өкілдері. Десе де, тәртіп сақшылары алматылықтарды абай болуға және коменданттық сағат кезінде серуенге шықпауға шақырады.
Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы