Алматыда «Аула аумағын көгалдандыру-2021» жеңімпазы анықталды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жүлдегер атанған аула тұрғындарына 5 млн теңгенің сертификатын табыстады. Алматы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауға үміткерлерден 300-ден астам өтінім келіп түскен. Нәтижесінде Түрксіб ауданы, Монтажная көшесіндегі 15-үйдің ауласы үздік деп танылды. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айналасын жасыл желекке айналдырған тұрғындармен тілдесіп келген еді.
Яна Чистилина – үздік аула иегері. Есік алдындағы көздің жауын алатын әдемі гүлдер мен жеміс ағаштарының бәрі де еңбегінің жемісі. Жаздың жайма шуақ кезеңінде ауланы гүлдендіріп, оларды күтіп-баптағанды жаны сүйеді. Көшесін көріп, тұрғынын таны деген де осыдан қалса керек.
«Ауланы көгалдандырудағы мақсат жеңіс үшін емес. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Көршілеріміз өте тату, бос уақытымызда аулаға гүл отырғызып, оларды суаруға асығып тұрамыз. Әркім тазалық сақтауды өзінен, өзінің ауласынан бастаса, қоғамға пайдасын тигізер еді. Көше мәдениеті де дұрыс қалыптасып, өлкеміздің өркениеті дами түседі», – деді байқау жеңімпазы Яна Чистилина.
Жеңімпаз атанған аула расымен де көрер көздің көркін алады. Көшеде өтіп бара жатқан кімді болмасын еріксіз назар аудартады. Бұл жерді тұрғын үйдің ауласы емес, мәуелі бақ дерсің. Алма ағаштары мен өрік те бар. Тұрғындар қарақаттан жыл сайын өнім алып отырады екен.
Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен байқауға барлығы 324 аула тұрғынынан өтінім келіп түскен. Олардың ішінде 85-і таңдалып, үздіктер анықталды. Бас жүлде иегері атанған аула тұрғындарына 5 млн теңге, ал, үздік үштікке 1 млн теңгенің сертификаты табысталды. Енді бұл қаржыға олар бау-бақшаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, ауласын одан әрі көркейтуіне мүмкіндік алды.
«Мұндай қомақты ақша иеленеміз деп ойламадық. Өте қуаныштымыз. Сұбұрқақ салуды жоспарлағанбыз. Оған қаражат жағы қолбайлау болған еді. Енді қала әкімдігі берген ақшаға сол жұмыстарды іске асырмақпыз», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Иван Чистилин.
Алматының жасыл белдеуі ұлғайып келеді. Жыл өткен сайын еңсе тіктеген желекке қарап, көз тояды, көңіл сүйсінеді. Қала әкімдігі жасыл қорды қорғау мен оны көбейтудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Бұрынғыдай ағашты заңсыз кескендерге де кешірім жоқ. Талап қатаң.
«Бүгінде қалада экология мәселесі өзекті. Сол себепті тұрғындардың таза ауамен тыныстауы үшін айналаны жасыл желекке толтыру басты талап. Ол жұмыстар қазір белсенді қолға алынған. Бүгінгі ұйымдастырылған осындай шаралар тұрғындардың шығармашылығын арттырып, қаланы көркейтуге сеп болмақ», – деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Сергей Пономарев.
Айта кетейік, бүгінде қала аумағында 4 183 аула бар. Өткен жылы 3 мыңға жуық тұрғын үй маңы күрделі жөндеуден өткен. Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 536 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Мегаполис басшылығының қолдауымен іске асқан бұл жоба қала аумағында саябақ пен скверлер салып, аумақты көркейтуді көздейді.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы