Алматы күнімен тұспа тұс еліміздегі алғашқы және ең ірі кітап фестивалі Kitap Fest Almaty 10 жылдығын тойлап жытыр. Кітапсүйер қауымның сүйікті думанына айналған жиынға 70-тен аса баспа мен кітап дүкендері қатысты. Әдеби іс-шарада 50 туындының тұсауы кесіліп, оқырманға ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әдеби думан биыл 2 күн қатарынан өтіп жатыр. Кітап жәрмеңкесі, жаңа туындылардың тұсаукесері, танымал авторлармен кездесу мен зияткерлік сайыстар, түрлі ұтыстарға толы кеш әдебиет пен өнерге құштар жандарды қайта қауыштырды.
– Он жыл бұрын жасағанда, 7 баспа ғана қатысқан, қазір 70 баспа тіркелді. Бұл – біз жеткен үлкен жетістік. Жастар ағылып келіп жатыр, яғни олар кітап оқуда. Елуге жуық кітаптың тұсауын кесті, – деді Kitap Fest фестивалінің негізін қалаушы Жұлдыз Омарбек.
Он жыл ішінде Kitap Fest Almaty 500-ге жуық жаңа кітапты оқырманға ұсынды. Фестивальдің биылғы тақырыбы — «Келешек кітабы». Ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шараға қызығушылық пен жастар арасындағы кітапқа деген ықылас жылдан жылға айтарлықтай артып келеді.
– Басты мақсат – кітапты оқырманға жеткізу. Еліміздегі өркендеп келе жатқан жас ұрпақтың кітапқа деген құрметі мен кітаптың оқырманға қызмет етуіне атсалысуда кітапхана қызметкерлерігің қосып жатқан үлесі зор деп ойлаймын, – деді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорының орынбасары Ләззат Спатаева.
– Kitap Fest қазіргі таңда жастарға өте пайдалы. Себебі ата-бабамыз жылдар бойы еңбектеніп, мұрағат тастап кетті. Біз насихаттап, болашақ ұрпаққа жеткізе алуымыз керек, – деді студент Айғанып Ғарифуллақызы.
Сондай-ақ дәстүрлі «Ауылға кітап» науқаны да жалғасын тапты. Жобада кез келген адам кітапты Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыра алады.
Әйкерім Пернебек, Еркебұлан Нұрпейісов, Рашидин Яқупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қала күні: Алматыда мерекелік отшашу болады