Алматы қаласының мәдениет саласы қызметкерлері қала күнін атап өтті. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірнеше басылымның басын қосып, оқырманның автормен жүздесуіне мүмкіндік берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алмалы ауданында өткен кітап көрмесі концерттік бағдарламаға ұласты.
– Алматылықтар мен қала қонақтарын қала күнімен құттықтаймыз! Мәдени ошақ – Алматыны жақсы көреміз. Алматы қаласы әкімдігі, Алмалы ауданы әкімдігі және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен барлық ауданда іс-шара өтіп жатыр, – деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ләззат Сыпатаева.
– Сөзден іске көшкен, іс жүзінде ізгі нәрсе жасайтын қалаға айналып келе жатыр, қуантады. Іс-шараның бір парасы – кітап оқу. Әлеуметтік желі жетім өкпені желкілдеткенімен, кітап арқылы білімге жеткен адам ғана биікке жете алады, билік ете алады, – деді ақын Бақыт Беделхан.
Азаттығымыздың ақ бесігі болған ару қаламыздың күніне арналған іс-шара аясында жас қылқалам шеберлері сурет салса, жәрмеңке аясында қолөнер шеберлері бұйымдарын сатуға мүмкіндік алды.
– №4 қалалық кітапхананың шақыртуымен Алматы күнімен құттықтауға келіп отырмыз. Бұйымдарымызды алып келдік. Алматылықтарды құттықтаймыз! – деді көрмеге қатысушы Зада Тольятти.
Оқи отырыңыз: Алматым жүрегімде: шетелдік өнерпаздар қазақтың дәстүрлі әндерін шырқады