Қағаз шығаратын алматылық кәсіпорын айына 100 тонна өнім шығарады
Алматыда кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы басталғалы 660-қа жуық жоба қаржыландырылған. Оның аясында ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған шағын, орта кәсіпорындарға жеңілдікті мөлшерлемемен қарыз беріліп келеді. Несиенің ең жоғары сомасы – 500 млн теңге. Ол 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандық тұтынушылардың импорттық өнімге тәуелділігін төмендету үшін кеңсе қағазын шығаруды қолға алған алматылық кәсіпорын айына 100 тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Биыл жұмыс істеп келе жатқан мекеме шикізатты сатып алуға және операциялық шығыстарды жабу үшін кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қаржыландырылған.
Біздің компания – А4 форматындағы қағаз шығаратын отандық кәсіпорын. Цехымыз заманауи құрал-жабдықтармен және ресурстармен толық жабдықталған. Бұл жұмысымыздың тұрақтылығымен қатар, сапасына кепілдік береді. Биыл айналым қаражатын толықтыруға 120 млн теңге бөлінді, – деді кәсіпорын директоры Омар Фахратов.
Отандық өнім шығаратын компания туындаған кедергілерге қарамастан өнеркәсіптік сертификат алуға нақты қадам жасап келеді. Себебі салада бәсекелестік көп болғанымен, әлемдегі тұрақсыздық елімізде ірі кәсіпорынның қажет екенін бірнеше рет дәлелдеді.
Зауыт 10-ға жуық маманды жұмыспен қамтып отыр. Келешекте олардың санын арттып, 2 ауысымдық жұмыс кестесін құру көзделген. «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын қаржыландыру аясында жаңа жұмыс орындарын ашып, жеңілдікті мөлшерлемемен қарыздар беруге ерекше ден қойылады.
Бүгінде 660 жоба қаржыландырылды. 2700-ден астам жұмыс орыны ашылды. Кіші және орта кәсіпті қаржыландыру жалғасып жатыр. Негізіг қолдайтын бағыттар – өндіріс түрлері, туризм, әлеуметтік жобалар, – деді «Аlmaty finance» басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.
Мекеме алдағы уақытта өндіріс қуаты мен жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отыр. Келешекте қағаздың басқа да форматын шығаруды жолға қоймақ.
Жансая Олжабек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы