Алматыда алдағы күндері Жансүгіров – Сейфуллин қиылысындағы тоннель ашылады

Жаңа жолайырық көліктердің өту жылдамдығын 15-20%-ға жақсартады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданын аралау барысында Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында жолайырықтың құрылыс қарқынымен танысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жобаны жүзеге асыру 2017 жылы басталған болатын, алайда 259 жер телімін сатып алу қажеттілігіне байланысты ұзаққа созылды. Соңғы жер телімі биыл мамыр айында босатылды.

"Жоба бойынша Сейфуллин даңғылында көліктердің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын екі тоннель салу қарастырылған. Ал Жансүгіров көшесі бойынша көлік қозғалысы жер деңгейінде жүзеге асады. Сонымен қатар, 4 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, тротуарлар және іргелес аумақты көгалдандыру жоспарланған", - делінген хабарламада.

Қазір барлық бұрылыс жолға асфальтбетон жабыны төселіп, бір жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды, сондай-ақ кәріз және байланыс желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Сейфуллин даңғылындағы "Батыс" және "Шығыс" тоннельдеріне асфальтбетон жабын төсеу аяқталды. Демалыс күндері осы тоннельдер арқылы қозғалыс ашылып, ауа райы қолайлы болса уақытша жол таңбаларын сызу жоспарланған.

Қала әкімі құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, нысанды абаттандырумен бірге келесі жылдың маусым айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Айта кету керек, жолайырық іске қосылғаннан кейін Жансүгіров көшесінің өткізу қабілеті 15%-ға, Сейфуллин даңғылының өткізу қабілеті 20%-ға артады.

Оқи отырыңыз: Алматыда Жетісу ауданының 6 мыңнан астам тұрғыны орталық сумен жабдықтауға қосылады

Новости партнеров