Алматыда ауаның ластануының едәуір бөлігі көлік түтінінен болғандықтан, бұл мәселе ерекше маңызды
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған «Таза ауа» акциясы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бастаманың мақсаты – автокөліктердің шығарындысындағы зиянды заттардың деңгейін бақылау. Алматыда ауаның ластануының едәуір бөлігі көлік түтінінен болғандықтан, бұл мәселе ерекше маңызды.
Қазіргі таңда Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы арнайы ұйымдарды тарта отырып, көлік шығарындыларын бақылау жұмыстарын күшейтті. Қалада 19 стационарлық және 3 жылжымалы экобекет жұмыс істеп тұр.
Экобекет қызметкері Әбдіхамит Аманқұлдың айтуынша, 2024 жылы 204 996 өлшеу жүргізілген.
«34 708 автокөліктің (17%) улы заттар шығару деңгейі белгіленген нормадан асып кеткені анықталды. Осыған байланысты 31 682 әкімшілік хаттама толтырылды», – деді ол.
Экологиялық бекеттердің тиімді жұмысының нәтижесінде нормадан асып кететін көліктердің үлесі азайғаны (2020 жылы бұл көрсеткіш 20%-дан асса, 2024 жылы шамамен 17%) байқалады.
Бұл шаралар қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ. Айта кетейік, 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық науқаны өтіп жатыр. Оның аясында қала ортасын көркейту және экологиялық жағдайды жақсартуға арналған көптеген іс-шара жоспарланған.
Оқи отырыңыз: «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында «Таза көшелер» кезеңі қалай өтіп жатыр