Алматыда жолаушы таситын жаңа электр автобустарының қандай артықшылығы бар

Биыл қала әкімдігі мен жеке тасымалдаушылар 800 газ автобусы мен 260 электробус сатып алуды жоспарлап отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жаңа электр автобустары жолға шығады. Мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартып, қоғамдық көлік жүйесін дамыту мақсатында автобустарды жаңарту ісі қолға алынды. Бүгінде жеке автопарктердің бірі тоқпен жүретін 14 жаңа көлік құралымен толықты. Ал биыл қала әкімдігі мен жеке тасымалдаушылар 800 газ автобусы мен 260 электробус сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын "City-Bus" компаниясы 14 жаңа электр автобусымен толықты. Бұл қаланы дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктерден тазарту мақсатында жасалып отыр. "Golden Dragon" маркалы автобустар барлық заманауи талаптарға сай келеді. Оларды сатып алуға 2 млрд 700 мың теңге қаражат жұмсалыпты. Биыл тағы осындай 60 автобус алу жоспарда бар дейді компания басшылығы.

"City-Bus" компаниясы алғаш рет барлық экологиялық стандартқа сай келетін электр автобустарын сатып алды. Көлік құралында үш есік бар, табаны биік емес. Бұл жолаушылардың мініп-түсуіне өте ыңғайлы. Жыл соңына дейін барлық жылжымалы құрамды тоқпен жүретін автобустармен қамтуды жоспарлап отырмыз", - деді "City-Bus" ЖШС директоры Данияр Байғабатов.

Автобус заманауи қосымшалармен жабдықталған. Мұнда 360 градус бейнебақылау камерасы, жолақ ұстау функциясы, парктроник және монитор орнатылған. Сондай-ақ жүргізуші шылым шеккен жағдайда немесе ұйықтап кету қаупі болғанда арнайы дыбыс беруші құрылғы да бар.

12 метрлік автобусқа 102 адам сияды. Оны қуаттауға шамамен үш жарым сағат уақыт кетеді екен. Бұл бір күндік кезекшілікті атқаруға мүмкіндік береді. Жаңа көліктер № 98 бағытты алмастырады деп жоспарланып отыр. Бүгінде қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын 20-дан астам жеке компания бар. Мамандар жыл соңына дейін олар да дизель тұтынатын автобустардан арылуы қажет дейді.

"Қазіргі уақытта коммуналдық автопарк толыққанды автобустармен, газды және электроавтобустармен қамтылды. Енді жылдың соңына дейін жекеменшік автопарктер дизель отынымен жүретін автобустарын газбен немесе электроавтобустарға алмастыру жұмыстарын жасап жатыр", - деді Мобилділік басқармасы қоғамдық көлікті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Азамат Ешанқұл.  

Қаладағы жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету үшін күнделікті 2700-ден аса автобус 200 бағыт бойынша жолға шығады. Былтыр қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысы да жүйеге қойылып, 20 жаңа бағыт іске қосылыпты. Ал биыл қалаға 800 газ автобусы мен 260 электробус сатып алу көзделіп отыр.

Олжас Омарбек, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тегін медициналық көмек: Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері біліктілігін арттырады

Новости партнеров