Биыл "Алматы тазалық" мекемесіне 32 жаңа техника берілген
Алматының коммуналдық қызметі қысқа дайын. Шаһардың 7 ауданын күтіп-баптаумен айналысатын "Алматы Тазалық" мекемесі техниканы түгендеп, дайындығын пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһар көшелерінің 70 пайызын күтіп ұстаумен «Алматы тазалық» мекемесі айналысады. Биылғы маусымда компанияға 32 жаңа техника берілген. Жұмыстың сапасы мен жылдамдығын арттыру мақсатында қолданылатын құрылғының бірі – электрлі сыпыру-жинау машинасы.
Мамандардың сөзінше, техника қызметкерлердің жұмысын жеңілдеткен. Экологияға зиянын тигізбейтін құрылғы Арбатта іске қосылған.
"10 FAW, 6 Dulevo берді. Жаңа тракторлар алдық, 32 техника бар", – деді "Алматы тазалық" ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ертай Қасенов.
Сондай-ақ "Алматы тазалыққа" қар жинауға және көктайғаққа қарсы ерітінді шашуға арналған бір мезетте бірнеше функция атқаратын техникалар берілген. Одан бөлек, қоқысты контейнерлерге тиеу жүйесі бар арнайы көлік сатып алынған.
"Бізде 23 көлік бар. Жаңартып жатырмыз. Тиімді, жақында алты данасы алдық", – деді "Алматы тазалық" ЖШС техника бойынша инженері Ерлан Мұқашұлы.
Мекемеге тиесілі қазір 763 техника бар. Оның 612-сі қыстыгүні қызмет етеді. Мекеме басшылығының айтуынша, қысқа арналған құрылғының бәрі мамырдан бастап әзірленеді. Техникалық байқаудан өтіп, жөндеу жұмыстары жасалады.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Панфилов көшесі қайта жаңғыртылды