Жобаға қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс
«Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында 5 мыңға жуық алматылық жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Мадина Бейбітқызы үшін биылғы көктем ерекше қуанышпен басталды. Ол «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен 14 жылға тұрғын үй заемын рәсімдеп, Бостандық ауданынан екі бөлмелі баспанаға қол жеткізді. Ал бұған дейін 5 жыл бойына «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасымен пәтер жалдап, айына небәрі 15 мың теңге төлеп келген. Осы уақыт ішінде қаражат жинап, болашағына сенімді қадам жасады.
«Жастарға мемлекет тарапынан көмек болып жатыр. Бес жыл бойына 15 мың теңгенің көлемінде пәтер беріледі, тегін деп айтсақ та болады. Мемлекет тарапынан отбасымен тұрып, ақша жинап, үй алуға үлкен көмек», – деді қала тұрғыны Мадина Тұрғара.
Тараздан Алматыға арман қуып келген Жадыра Қайсарбаева үшін де бұл бағдарлама – үлкен өмірге бастар алғашқы баспалдақ. 2022 жылы «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» арқылы бір бөлмелі пәтерге орналасқан. Үш жыл бойы мақсатты түрде қаржы жинап, «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болды.
«Алматы жастары» – жұмыс істейтін жас мамандарға арналған өте тиімді бағдарлама. Өйткені алғашқы жарна 10 пайыз ғана, ал жылдық мөлшерлеме ол 5 пайызды ғана құрайды. Бес жыл сатып алу құқығынсыз үйде тұрдым. Сол үйде 3 жыл тұрып, 10 пайыздық жарнасын жинадым. Шұғыла ауданынан бір бөлмелі пәтер алдым», – деді қала тұрғыны Жадыра Қайсарбаева.
Алматылық жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының талаптары түсінікті әрі қолжетімді. Қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар соңғы 6 айдағы табысы ай сайын кемінде 40 айлық есептік көрсеткіштен төмен болмауы қажет. Тағы бір міндетті шарт – банкте жинақ шотының болуы.
«Жұмыс жасайтын жастар бағдарламасының жалдаушыларына басқа салалар бойынша Алматы қаласынан ғана екінші деңгейдегі пәтерлер іздеу керек болса, енді Алматы қаласы мен Алматы облысынан жеке тұрғын үй алу мүмкіндігі қосылды», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы тұрғын үй бағдарламалары бөлімінің басшысы Рита Нұрбекқызы.
2019 жылы іске қосылған «жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында осы күнге 5 мыңға жуық алматылық жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілді. Бұл – жастардың басқа да бағдарламаларға қатысып, алғашқы жарна жинауына мүмкіндік ашты.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматының индустриалды аймағында 11 жаңа өндіріс іске қосылады