Қазіргі кезде үшінші адамның денесі іздестіріліп жатыр
Абай облысында үш ер адам көпірден өтіп бара жатып өзенге құлап кеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Аbainewskz Тelegram-каналының жазуынша, оқиға кеше, 15 сәуірде сағат 15:40 шамасында Аягөз қаласында болған. Яғни, «101» жедел қызметіне Аягөз ауданындағы Ақшаұлы ауылы маңындағы Қаракөл өзенінде төтенше жағдай болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Алдын ала мәліметтер мен куәгерлердің айтуынша, жергілікті шаруа қожалықтарының бірінің үш жұмысшысы Көкқамыр учаскесінде орналасқан аспалы ағаш көпір арқылы мотоциклмен өтпек болған. Ер адамдар көпірден өтіп бара жатқан сәтте суға құлап кеткен. Жылдам әрі суық ағыс оларды әп-сәтте өзен ағысымен алып кеткен. Олардың өз бетімен судан шығу мүмкіндігі мүлде болмаған.
Хабарлама түскен соң іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Операцияға жедел-құтқару жасағының 12 мүшесі, 18 полиция қызметкері, аудан әкімдігінің 25 қызметкері және 110 ерікті жұмылдырылды.
Оқиға орнына 3 бірлік арнайы техника, 3 моторлы су кемесі, 5 сүңгуір техникасы, ұшқышсыз ұшу аппараты, құтқару техникасы, шынжырлы ара, генератор, 8 дана «Лиман» арнайы техникасы (құтқару қайықтары/құралдары), 2 суға арналған киім жеткізілді.
«Артынша жағалаудан үш ер адамға тиесілі ұялы телефондар мен сырт киімдер табылды. Келесі күні, 16 сәуірде, таңғы іздеу жұмыстарының нәтижесінде құтқарушылар екі ер адамның: 1978 жылы туған Б.Ю.А. және 1980 жылы туған П.В.В-ның мәйітін тапты. Үшінші ер адамды, 1967 жылы туған К.Б.К.-ны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: БҚО-да 3 мың гектардан астам пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды