Шаһарда бейнебақылау камераларының санын 5 мыңға жеткізу жоспарланып отыр
Былтыр Алматыда бейнебақылау камераларының көмегімен 3,5 мыңға жуық қылмыстың беті ашылған. Сондай-ақ жол жүру ережесін бұзғандарға қатысты 300 мың дерек тіркеліпті. Қала тыныштығын күзетіп, бұзақыларды анықтауға көмектесетін бұл құрылғылар тағы қандай қызметке жарап жатыр? Шаһардағы камералардың саны қаншаға жуықтаған? AlmatyTV тілшісі жауап іздеп қайтқан еді.
Бүгінде Алматы қаласының тәртіп сақшылары 150 мыңға жуық бейнебақылау камерасының мүмкіндігін пайдаланып келеді. Бағаналарға орналастырылған құрылғылар өз аумағындағы ұсақ бұзақылықтан бастап, ауыр қылмысқа қатысы бар деректердің барлығын жүйеге тіркейді. Қазірдің өзінде шаһардағы 45 мың камера жедел басқару орталығында бақыланады.
"102" операторына бір тәулікте 2700-ден астам әртүрлі шақырту түседі. Бейнебақылау камералары алдында инспекторлар отырады. Тәулік бойы әртүрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар болады. Соны осы бейнебақылаулар арқылы қараймыз, ізін суытпай ашамыз", - деді Жедел басқару орталығының аға инспекторы Жанболат Кенжеғұлов.
Маманның айтуынша, күніне кем дегенде іздеуде жүрген 5 адам дәл осы құрылғылардың көмегімен анықталады екен. Оған жақында ғана енгізілген жаңашылдық әсер еткен.
"Өткен жылдың қазан айында Алматы қаласындағы бейнекамераларға 2500 бейнекамераға жаңа функция енгізілді. Бұл бетті анықтау функциясы іздеуде жүрген қылмыскерлерді, із-түзсіз жоғалған адамдарды табуға көмектесді. Адамдардың көп шоғырланатын жерлеріндем орнатылған бейнекамераларға сондай жаңа функция қосылды", - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал енді бір айдың ішінде дәл осындай жүйе енгізілген бейнебақылау камераларының санын 5000-ға жеткізу жоспарланыпты. Атап өтерлігі, бастама тиімділігін байқатса, жаңа функция барлық құрылғыға қосылмақ. Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе бейнебақылау камерасының санын да жыл сайын арттыруды көздеп отыр. Себебі ол – қылмысты азайтуға, заң мен тәртіптің орнауына едәуір үлес қосады дейді мамандар.
Олжас Омарбек, Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Реновация бағдарламасы: биыл Алматыда қанша үй сүріледі