Алматының Наурызбай ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл туралы тұрғындармен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар басшысының сөзінше, ондағы жұмыс істеп тұрған 25 мың субъекті 5 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ қала әкімі аудандағы сумен қамту және су бұру желілерін салу бойынша ауқымды жұмыс атқаралып жатқанын айтты. Биыл жыл соңына дейін Ақжар, Қарағайлы, Таусамалы және Тастыбұлақ шағынаудандарының 97 көшесінде 200 шақырымнан астам құбыр салынады деп жоспарланған. Соның нәтижесінде, 2 200 жүз абонент инженерлік коммункациялармен қамтылады. Ал жобаны іске асыруға 8 млрд теңге бөлінген.
«Осы жылдың наурызында бұрын салынған кәріз тарату желілерінің жұмыс істеу мәселесін шешу үшін сағатына 4,5 мың куб метр өткізу қабілеті бар 34 км батыс кәріз коллекторының құрылысы басталды. Жоба 2026 жылдың соңына дейін іске асырылады, жобаның құны – 36,3 млрд теңге», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев
Қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру үшін де жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр ауданға қатынайтын 577 автобус 794-ке артты. Нәтижесінде, жаңа 10 бағыт ашылған. «Мектеп автобусы» жобасы шеңберінде былтыр қыркүйекте аудандағы 7 мектепке 3300-ге жуық баланы тасымалдау үшін 32 автобус берілді. Сондай-ақ қала басшысы баяндамасында биыл шілдеде Құрамыс шағынауданында тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталатынын айтты. Жұмыстар 2026 жылдың мамырында аяқталады деп жоспарланған. Мұндай клиникалық-диагностикалық орталығы бар емхана биыл Шұғыла шағынауданында да бой көтереді.
«Биыл маусымда Ақжар шағынауданында 200 адамға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Жұмыстар 2025 жылдың тамыз айында басталып, 2026 жылы мамырды аяқталады. Жобаның алдын ала құны 1,8 млрд теңгені құрайды», – деді қала әкімі.
Кездесуді мына жерден қараңыз: