Сұрақ-жауап: Наурызбай ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

«Ақсай» су жинағышының құрылысы 2025 жылдың қарашасына дейін аяқталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ақсай» су жинағышының құрылысы 2025 жылдың қарашасына дейін аяқталады. Нәтижесінде 150 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Наурызбай ауданында да жаңалық көп. Былтыр көшелерді жарықпен қамтамасыз ету бойынша тыңғылықты іс атқарылған. Ал биылдың өзінде ауданда 3 мыңға жуық шам, 300-ден аса бағана орнату жоспарланған. Нәтижесінде жарықтандыру деңгейі 95 пайызға жеткізілмек. Қала әкімі өткен жылдың қорытындысын айтып, келешектің жоспарын таныстырғаннан кейін, аудан тұрғындары кезекке тұрып, сауал қоюға асықты. Жиналғандардың көпшілігі спорт кешендерінің аздық етіп отырғанын тілге тиек етті.

«Бұрын уәде еткенімдей, Шұғыла шағын ауданындағы алғашқы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын биыл шілдеде басталады. Жобаның құны – 7 млрд теңге. Нысан 2026 жылдың тамызында ашылады. Сондай-ақ 2025 жылы қыркүйекте Ақжар шағынауданында тағы бір спорт кешенінің құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құжаты дайын болып қалды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Басқосуда биыл Наурызбай ауданындағы 35 көшеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілетіні айтылды. Абай даңғылы, Жұбанов және Төле би көшелерінің аумағын кеңейту жалғасып жатқаны сөз болды. Ал инженерлік желілері былтыр салынған Ақжар және Шұғыла шағынауданында 2025 жылы мамыр айынан бастап 20 шақырым жаңа жол салу көзделіп отыр. Тұрғындар болса, ауданда көлік санының артқанын айтып, автотұрақ мәселесін шешіп беруді өтінді.

«Кешкісін жұмыстан келгеннен кейін есіктің алдына машина қою мүмкін емес. Орын жоқ. Соның кесірінен жительдер бордюрдің үстіне не болмаса көшенің бойына қояды. Шұғылада жатқан бос жерлер бар ғой. сол жерге көпқабатты көлік тұрағын салып берсеңіз», – деді қала тұрғыны.

«Жер іздеп жатырмыз, бос жатқан жер жоқ, иесі бар. Ол жерді сатып алу керек. Инфраструктурасына қалай келтіруге болады, көпқабатты паркинг істейміз», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала әкімі биыл ауданда 4 жайлы мектеп ашылатынын айтты. Жаңа оқу жылында білім ордалары 6700 оқушыны қабылдайды. Ал мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын азайту мақсатында балабақшалар құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Кездесуде тұрғындар нысандардың қашан қолданысқа берілетінін сұрады.

«Шұғыла ауданының тұрғынымын. Үйдің жанынан балабақшаның салынып біткеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Әлі күнге дейін халықтың тұтынуына, балалардың балабақшаға баруына жол берілмей отыр. Осы балабақша қашан ашылады?» – деді қала тұрғыны.

«Шұғыладағы №199 балабақша ғой, барлық құрылыс жұмыстарын бітірдік. Бірақ абаттандыру керек. Медігер сәуірде жұмысын аяқтаса, мамырда балабақша ашылады», – деді Ерболат Досаев.

Кездесуде электр және жылу желісіне, тұрғын үй кешендеріндегі құрылыс жұмыстарына қатысты да мәселелер талданды. Алматылықтар толғандырған бірнеше сауалдың жауабын тапты. Сондай-ақ жиында аудан бюджеті биыл 5 пайызға ұлғайғаны айтылды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында Наурызбай ауданында былтыр 40 жоба іске асырылса, ал биыл 18 аула аумағын жөндеуге қаражат бөлініп қойғаны жеткізілді.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы метросында Наурыз мейрамына орай перфоманс өтеді

Новости партнеров