Балығы тайдай тулап, арнасынан тасып жататын Ақ Жайықтың жағдайы қазір мәз емес. Жағасы тартылған өзенді қайықсыз-ақ жаяу кешіп өтуге болады. Атыраулық экологтардың айтуынша қала іргесіндегі Алмалы ауылының тұсында Жайық өзенінің орны ойсырап, әр жерінде аралдар пайда бола бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жайық жағасы бәз бұрынғы қалпынан қайта бастаған. Осыдан 30 жыл бұрын өр Жайыққа 9 млрд текше метр су жиналатын. Ал қазір трансшекаралық өзендегі су көлемі 3 есеге дейін төмендеген. Түп тереңдету жұмыстары тезірек жасалмаса, аралдар саны артуы мүмкін.
«2004 жылдан бері түбін тереңдету жұмыстары осы қайраңда жүрген болатын. Барлығы 16 қайраң тазаланды. Бірақ бұл тағы бірнеше жерде осындай тұстар қаралмай кеткен. Яғни, жобаны жасау кезінде зерттеу жұмыстары жүргізілмеген», - деді қоғам белсендісі Арман Хайруллин.
Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 4 жылда өзендегі су деңгейі 60 пайызға дейін төмендеген. Жайық өзенінің 51 шақырымын, Қиғаш өзенінің 240 шақырымын түп тереңдету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталған еді. Жауаптылардың сөзінше, бұл жұмыстар келесі жылы басталады.
«Облыс көлемінде 2017-2020 жылдары Жайық және Қиғаш өзендерінің 152 шақырымында түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп, Жайық өзенінің 43 шақырымы, Қиғаш өзенінің 109 шақырымына жұмыстар аяқталды. 2022-2024 жылдары Жайық өзені бойынша 51,5 шақырымына республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлу жоспарланып, оның 2022 жылға 2 млрд теңгесіне бюджеттік өтінім берілді», - деді Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.
Министрлік аралдың пайда болуына бұл учаскеде солтүстік-батыс бағыттағы желдің соғуы себеп деп мәлімдеді. Алайда, қанша ғасырлар өтсе де, жел ысқырығына қарамай-ақ есепсіз сарқылып жатқан Жайықтың бұл күйі жел бағытын өзгертсе, қалыпты күйіне қайта түседі дегенге сену қиын.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, Атыраудан