Алматыда өткен инвестициялық форум шетелдік қаржыгерлердің үлкен қызығушылығын тудырды. Брифнгте Алматы әкімі осылай деді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, сомасы 7 жарым млрд долларды құрайтын 58 инвестициялық жоба анықталған. Басты мақсат – әр алматылықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен қаланың жайлылығына әсер етуші экономикалық база құру. Ал, негізгісі әлемнің дамыған 100 қаласының қатарына ену, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Стратегиялық жоспарларды және орта мерзімдік басты мақсаттарқа жету үшін біз «Жол картасын» құрдық. Бұл жерді маңызды 3 құжатты меңзеп отырмын. Оның біріншісі – мегаполистың шеткі аудандарындағы инфрақұрылымдық проблемаларды шешетін 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматының» кешенді жоспары. Бұл жоспар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Шетсіз қала» және «Кезең-кезеңімен қол жеткізу әлеуметтік инфрақұрылымы» қағидаларына негізделіп құралған», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кешенді жоспар әлеуметтік маңызы бар нысандарда тұрғындардың мұқтажын шешуге септесетінін алға тартты. Алдағы 5 жылда инфрақұрылымды дамытуға 800 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Екінші құжат Алматы агломерациясын дамытудың өңірлік жоспары. «Үлкен Алматы» жобасы баспана, көлік инфрақұрылымы және сауда белбеуі мәселесін шешуге мүмкіндік береді деді әкім. Қала басшысы өз сөзінде Алматы-2050 даму стратегиясына баса назар аударды. Аталған құжат Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген. Қазір ол қоғам арасында талқыланып жатыр.
«Біз өз мүмкіндіктерімізді саралап, қаланы дамытудағы 7 негізгі стратегиялық бағытты белгіледік. Біздің түсінігімізде болашақ Алматы - бұл «Шетсіз қала». Онда барлық аудандарды дамытуға бірдей көңіл бөлінеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.