Елімізде өңдеу өнеркәсібі өрістеді. Салада биыл өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгеге жеткен. Көрсеткіш соңғы 2 жылмен салыстырғанда рекордтық деңгейге жеткен. Оң динамика жиһаз өндірісінде байқалған. Бұл туралы құзырлы ведомство басшысы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өңдеу өнеркәсібі – ел экономикасына қомақты қаржы әкелетін тетіктің бірі. Соңғы 4 айда осы саладан негізгі капиталға 1,7 трлн теңге инвестиция құйылған. Өсім өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Көрсеткіштің көтерілуіне көлік құралдарын өндіру, жиһаз жасау ісі мен киім өндірісі ықпал еткен. Сала министрі «статистикадағы сандар қуантқанымен, межелі міндет әлі орындалмады» дейді.
Қанат Шарлапаев алдағы 5 жылға жоспарланған стратегиялық тұжырымдаманың әзірленгенін жеткізді. Құжат өндірістегі кенжелеп тұрған біраз бағытқа серпін береді.
– Жалпылай алғанда өңдеу өнеркәсібі жыл сайын дамудың оң динамикасын көрсетіп келеді. Мәселен, биылғы 4 айда өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгені құрады. Жиһаз өндірісі – 29,8 пайызға, метал бұйымдарын өндіру – 25,8 және машина жасау 22 пайызға өсті, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Жыл соңына дейін салада құны 23,4 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл өз кезегінде 720 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Жеңіл өнеркәсіптегі ауқымды жобалар Шымкент, Ақтөбе қалаларында жоспарланып отыр. Бастамаға Үкімет те қолдау білдіреді. Жобаларға 3 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие қарыз үлестіріледі.
– Қаржы министрлігі мен отандық тауар өндірушілерді және де қазақстандық үлесті өсіру үшін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізілген. Атап айтсам, 30 пайыздық міндетті аванстық төлем жүргізіледі. Сонымен қатар қамтамасыз етудің барлық түрі алынып тасталды, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.
Алда тұрған тағы бір міндет – 2026 жылға дейін жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемін 250 млрд теңгеге жеткізу. Өнім экспортын 200 млн долларға дейін ұлғайту көзделген. Қынжылтатын бір тұсы – өңдеу секторы әлі күнге өзге елдің өніміне тәуелді. Олқылықты оңалту жұмыстары жүріп жатыр. Қанат Шарлапаевтың дерегінше, өткен жылы өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты 25,3 млрд долларды құраған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда әлемнің жетекші дәрігерлері бас қосты