Биыл шаһардың көрікті жерлерін тамашалауға келгендер саны 1 млннан асқан
Алматы – Қазақстандағы туристер көп келетін қалалар арасында көш бастады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, биыл жарты жылдықта қазақстандық қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарына 4 млн саяхатшы тұрақтаған. Олардың 26 пайыздан астамы Алматыға келген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша Алматы турист ағыны ең көп қала деп айтуға болады. Бірінші жартыжылдықта көрсетілген қызметтен түскен ақша 121 млрд теңгеден асқан. Оның үштен бір бөлігі Алматыға тиесілі. Қонақ үйлер мен демалыс орындары 43 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Екінші орында - Астана қаласы, / 24 млрд теңге/ ал үшінші орында Бурабай орналасқан Ақмола облысындағы табыс 11 млрд теңгеге жуықтаған.
Биыл бірінші жарты жылдықта Алматының көрікті жерлерін тамашалауға келгендер саны 1 млннан асыпты. Бұл – тек қонақ үй секілді орналастыру орындарында ресми тіркелген жандар. Таныстарының пәтерінде немесе құжатсыз пәтер жалдап тұрғандардың бар екенін ескерсек, туристер саны әлдеқайда көп деп айтуға болады.
Алматы туризмінің көпжылдық статистикасына көз жүгіртсек, 2023 жылы оңтүстік астанамызға 2 миллионнан астам адам келген. Бұл – соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ranking.kz порталы келтірген дерекке сүйенсек, биыл жарты жылдықта Алматы қонақ үйлерінде Қытайдан 40 мыңнан астам турист, Ресейден 77 мың азамат және Үндістаннан 48 мыңнан астам келуші орналасқан. Туристер көптеп келуіне бірнеше себеп бар дейді туризм басқармасының өкілі.
"Біріншіден, Алматы тау бөктерінде орналасқандықтан, белсенді туризмді және табиғатты таңдайтын саяхатшыларды тартады. Екіншіден, тарихи, мәдени мұрасы мол қала Үшіншіден, Алматы қаласында 4 мыңнан аса түрлі халықтың асханасы бар", – деді қалалық Туризм басқармасы Талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Әбдіқадір Мақпал.
Ал инфрақұрылымды дамытуға келер болсақ, мамандар биыл 100 шақырым тау жолдарын абаттандыру жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ 3 кемпинг аймақ салу жоспарланғанын тілге тиек етті.
Алматының тұмса табиғатын тамашалауға келетіндер қатары жыл санап артып келеді. Бұл – қуантатын жағдай. Себебі экономикаға оң әсерін тигізеді. Алайда туризмнің басқа салалармен қатар қойғанда кенже қалып отырғаны жасырын емес. Оған инфрақұрылымның дамымауы, бизнесті ынталандырудың жоқтығы, қымбатшылық сияқты бірнеше фактор әсер етуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Алматыда 7-13 қазан аралығында ауа райы қандай болады