Қаржыны қайда және қандай валютада сақтаған тиімді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда былтыр қарашадан бастап АҚШ долларының айтарлықтай өсуі байқалды. Ұлттық валютаның әлсіреуі мен қаржы нарығындағы өзгерістер халықтың шетелдік валютаны көбірек сатып алуына әсер етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шынында да, кейінгі кезде АҚШ долларына деген сұраныс артты. Былтыр теңгенің долларға шаққандағы бағамы 15,7 пайызға өсіп, халықтың шетел валютасын сатып алу белсенділігі ұлғайған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі айырбастау пунктері арқылы сатылған нетто-доллар көлемі 1,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға көп. Жалпы долларға деген сұраныс барлық өңірде байқалған. Дегенмен ерекше атап өтетін бірнеше аймақ бар. Соның ішінде Алматы көш бастап тұр. Мұндағы айырбас айналымы 528,6 млрд теңге. Шымкентте 486,2 млрд және елордада 139,4 млрд теңге. Ал Ұлытау облысында ең аз көрсеткіш 5,7 млрд теңге. Қазақстанда сонымен қатар ақша айырбас операциясынан бөлек, долларды депозитке салатындар да жоқ емес. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, бүгінде банк салымдарындағы шетел валютасының үлесі 25 пайыз. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш. Дегенмен жыл өте бұл үлес біртіндеп төмендеп келеді. Себебі долларлық депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 1 пайыздан аспайды. Бұл заң бойынша бекітілген. Сондықтан экономистер «жинақты ұлттық валютада сақтаған тиімдірек» дейді. Бұл бірінші кезекте жоғары пайыз, одан соң қауіпсіз.

"Доллар теңгеге қарағанда сенімді валюта екенін көрсетіп отыр. Ал теңгеде пайыздық ставкасы жоғарылау. Кейбір банктер теңгені салып, қайта алмайтын болсақ, пайызы жоғары болады. Әрине, валюталық тәуекел де қорғалған,  артықшылығы бар", – деді экономист Бақытжан Саркеев.

АҚШ валютасын сақтаудың бірнеше түрі бар. Біріншісі – бағалы қағаздар нарығы. Шетелдік ірі компаниялардың акцияларына немесе облигацияларына инвестиция салуға болады. Алайда бұл жүйе жоғары қаржылық сауаттылықты қажет етеді. Себебі қор нарығы тұрақсыз және тәуекелі тым жоғары. Тағы бір балама – криптовалюта. Қазіргі таңда бұл да танымал инвестиция түріне айналып келеді. Алайда криптовалюта нарығы өте құбылмалы, сонымен қатар оны реттеу деңгейі дәстүрлі қаржы құралдарына қарағанда әлдеқайда төмен әрі күрделі. Сондықтан мұнда да тәуекел жасауға тура келеді. Қазақстандықтар үшін тағы бір қызықты нұсқа – жинақтаушы сақтандыру өнімдері. Бұл ұзақ мерзімді инвестиция түрі болғандықтан, қысқа уақытта пайдаға шықпауыңыз мүмкін. Дегенмен, мұндай қаржы құралдарын тұрақты табыс көзі ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ Қазақстанда шетел валютасымен жұмыс істейтін инвестициялық қорлар да бар. Мысалы, ПИФ – пайлы инвестициялық қорлар. Алайда мұндағы сіздің табысыңыз компанияның басқару стратегиясына байланысты болады. Яғни, тұрақсыз табысқа дайын болуыңыз керек. Кейде керісінше, кенеттен мол олжаға кенелуіңіз әбден мүмкін. Осы секілді доллар жинаудың сан түрлі жолы бар. Әрқайсысының өз артықшылығы мен осал тұстарына назар аударған жөн. Ең бастысы – қаржылық сауаттылық дағдыларын дамытып отырғаныңыз абзал.   

Оқи отырыңыз: Көктемгі егіс: Үкімет резервінен 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

Новости партнеров