Қазақстан – цифрлық бәсекелестікте ең үздік 35 елдің қатарына енді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан – цифрлық бәсекелестікте ең үздік 35 елдің қатарына енді. Ал мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсету бойынша АҚШ, Ресей, Қытай мен Германияның алдын орап тұр. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы электронды форматта ұсынылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еліміздің көптеген салалары қарқынды түрде цифрландырылып жатыр. Өйткені «айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызған» уақытта бұл мәселе – қай мемлекет үшін де маңызды, әрі заман талабы. Аталған салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ел Президенті 2020 жылы тапсырма берген. Сол кезде мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету және бюрократиядан арылу – басты мақсат болған. Содан бері, 5 жыл өтті. Осы аз уақыт аралығында еліміз цифрлық салада ауқымды өзгеріс жасады.

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы электронды форматта қолжетімді. Оның 90 пайызын eGov мобилді қосымшасынан немесе парақшасынан алуға болады. Қазақстанның осындай жетістігін Біріккен Ұлттар Ұйымы жоғары бағаласа керек. Нәтижесінде еліміз, 193 мемлекеттің арасында үздік ондыққа еніп отыр. Көшті Оңтүстік Корея, Дания, Эстония, Сауд Арабиясы мен Украина, Сингапур, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Жапония бастап тұр. Одан кейінгі орынды Қазақстан еншілеген. Алайда еліміз АҚШ, Қытай, Германия, Аустралия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Нидерланды секілді алпауыт мемлекеттердің алдын орап тұр. Халықаралық ұйым тізімді жасақтағанда цифрлық қызметтердің қолжетімділігі, онлайн жүйеге көшу қарқыны мен сапасы сынды көрсеткіштерді есепке алғанын айта кеткен жөн. Ал еліміз бұл рейтингте бірінші емес, бірнеше жыл қатарынан үздіктерге дес берер емес.

Қажетті мемлекеттік қызметті алу үшін бұрын-соңды азаматтар әр мекемеде табан тоздырып, сағаттап кезекте тұратын. Кейде бір құжатқа бір күнде емес, апталап жүріп қол жеткізетін. Қазір бәрі оңай, көп уақытты талап етпейді, үйден шығудың да қажеті жоқ. Қалтаңызда ұялы телефон болса, болғаны. Мұндай жеңілдетілген үдеріс – көпшіліктің көңілінен шықса керек. Азаматтар жұмысқа тұрса да, мүлік сатып алса да, отбасын құрып, перзенті туылса да, бірден онлайн қызметке жүгінетін болған. Алайда ең көп сұраныс – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты екен. Неге десеңіз, салымшылар қаражаттың түсуі, оның қозғалысы, жинақтары туралы мәліметтерді жиі жүктейтін көрінеді. Биыл небәрі 2 айдың ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 13 миллионнан аса қызмет көрсеткен. Оның 4,8 миллионы электронды форматта, қалғаны автоматты түрде ұсынылған. Бұл – жалпы қызметтердің 98 пайыздан астамы онлайн атқарылды деген сөз. Осылай, сұраныстың бір мезетте артуына – былтыр енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы мен «Ұлттық қор» бағдарламасының іске қосылуы да ықпал еткен сыңайлы. Мұндай ауқымды өзгеріс – халықтың цифрлық сауаты 90 пайызға жеткенін де көрсетіп отыр. Ал алматылықтар қордың қай қызметіне көп жүгінеді екен? Мұны мамандардан сұрап білген едік.

«Биыл бірінші тоқсанда республика бойынша 7 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде Алматы қаласындағы филиалы арқылы 1,3 миллионнан астам қызмет ұсынылды. Бұл қызметтердің ішінде 700 мыңнан астамы – үзінді көшірмелер, ал 200-ден астамы – төлемдерге берілген өтініштер. Енді бізде онлайн ұсынылатын қызметтердің ішінде сол үзінді көшірме алу – ең көп сұранысқа ие қызмет болып табылады. Одан кейін төлемдерге өтініш беру үшін онлайн сервистер пайдаланылады», – деді «БЖЗҚ» АҚ Алматы қалалық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы айнұр Қуаңова.

Айта кетейік, зейнетақыға қатысты барлық мәлімет eGov.kz порталында немесе қордың ресми парақшасы мен қосымшасында онлайн қолжетімді. Азаматтар ондағы жеке кабинетке кез келген уақытта, әлемнің қай түкпірінен болмасын кіріп, қажет қызметтерді ала алады. Атап айтқанда, жеке басына қатысты деректерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне, шоты туралы анықтама жүктеуіне, төлемдерді тағайындау бойынша өтініш беруге, зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ жинағын болжамды есептеуге мүмкіндіктер жасалған.

Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері 3,2 мың адам Қазақстанда қандас мәртебесін алған

 

Новости партнеров