Елімізде өндірілетін көлік құралдарының 90%-ы – жеңіл автокөліктер
Қазақстанда автотехника өндірісі 7 жылдық өсімнен кейін бірден 17%-ға азайды. Мұндай төмендеу немен байланысты? Бұл ел экономикасына қалай әсер етеді? Almaty.tv тілшісі Еркебұлан Серікұлы автонарықтағы жаңалықтарға шолу жасап көрді.
Автомобиль өндірісі бірден 17%-ға азайды. Energyprom.kz порталының дерегіне сәйкес, Қазақстанда өндірілетін көлік құралдарының 90%-ы – жеңіл автокөліктер.
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша елде 73 мыңға (72,8) жуық темір тұлпар шығарылған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17,8%-ға аз. Одан кейінгі орында жүк көліктері мен автобустар тұр. Олардың да санының қысқарғанын көріп отырмыз. Бірақ сарапшылар «бұл дабыл қағатындай жағдай емес» дейді. Олардың айтуынша, мұның бәрі – қалыпты құбылыс.
«2023 жылы Қазақстан автонарығында рекорд тіркелді. 200 мыңға жуық жаңа автокөлік сатылды. Олардың 70 пайызы Қазақстанда өндірілген. Жылда өсім болады деп күту, меніңше, дұрыс емес. Нарық өзінің бастапқы күйіне қайта оралуы тиіс. Таңғалатын ештеңе жоқ. Бұл жерде проблема да көріп тұрғаным жоқ», - деді автосарапшы Алексей Алексеев.
Қазір Қазақстанда автомобиль шығаратын бірнеше зауыт салынып жатыр. Сарапшының пікірінше, өндіріс орындары іске қосылған соң жаңа автокөліктер саны да өседі. Сол кезде басқа тетіктерді іске қосуға немесе жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта жандандыруға тура келеді. Автосарапшы өндірістің қысқаруы тұтынушыларға әсер етпейтінін тілге тиек етті. Автокөлік бағалары да оның әсерінен шарықтамайды екен.
Қазақстанда тіркелген көліктер саны қанша?
Статистикаға көз жүгіртсек, биыл шілде айының соңында тіркелген жеңіл автокөліктер саны 5 млн-ға жуықтады. Оның ішінде Алматы қаласында 588 мыңнан аса, Алматы облысында 536 мың және елордамыз Астанада 371 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Қазақстанда жылы ескі болса да, жаңасына дес бермейтін темір тұлпарлар да жоқ емес.
Соңғы бір жылда ескі көліктердің де саны өскен. Зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан автомобиль саны 2 млн-нан асып жығылады. Ал 10 жылдан 20 жылға дейінгі темір тұлпарлар саны 1 млн-нан асады. 3 жыл жүрген көлік саны 305 мыңға жуық.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта Қазақстанда автокөлік өндірісі өседі. Бұл сұраныстың артуымен байланысты болмақ. Ал сұраныс артса, бағаның да бір орында тұрмайтыны анық. Бұл – нарықтық экономика заңдылығы.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй саясатын реформалау: сенаторлар заңды Мәжіліске қайтарды