ҚҚС – бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеу шегінің жоғары болуына байланысты кәсіпкерлер бизнесін бөлшектеп, салық төлеуден жалтарады. Соның салдарынан мемлекет жыл сайын шамамен 800 млрд теңге көлемінде табыстан айырылады.
Қаржы және экономика саласының басшылары 11 ақпаннан бастап өңірлерде бизнес өкілдерімен кездесіп, Үкіметтің салық реформасын талқылап жатыр.
Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, азық-түлік және дәрі-дәрмек өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% аралық мөлшерлеме болады. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату, - дейді Азамат Әмрин.
ҚҚС – бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп болжанып отыр. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетуге, инвестициялық жобаларды қолдауға, даму институттарын нығайтуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстар бөлуге мүмкіндік береді
Оқи отырыңыз: Инфрақұрылымды жақсарту: Жетісу ауданында ауқымды жоба басталады