Ақтөбе қаласында 200 керуеттік инфекциялық аурухана салынады. Қазір жобалау жұмысы қолға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Облыс орталығында 200 керуеттік инфекциялық аурухана салынатын болды. Нысанды жобалауға облыстық құрылыс басқармасына тапсырыс енгізілді. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілуі тиіс. Күзге дайындық жұмыстары барысында облыста инфекцияны емдеуге қосымша орындар, оның ішінде жансақтау керуеттерін жасақтап, қажетті медициналық құралдармен жабдықтап жатырмыз»,– деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда медициналық инфрақұрылымды дамытуға тапсырма берді. Ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі.