COVID-19: Англияда жаңа локдаун енгізіледі

COVID-19: Англияда жаңа локдаун енгізіледі
Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон түн ортасынан бастап Англияның барлық аумағында енгізілетін жаңа шектеу шаралары туралы жариялады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Борис Джонсон ауру жұқтырғандар санының тұрақты өсуіне байланысты Англияда эпидемиологиялық шаралардың күшейтілгенін жария етті. Жапонияда жаппай вакцинация қалыпты өмірге оралуғакөмектеседі деп үміттенеді, бірақ әзірге ел астанасында Сovid-19 тез таралуда, тіпті мұнда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Ресейде Санкт-Петербургтегі індетке шалдығу жағдайларының саны алғаш рет Мәскеудегіден асып түсті, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон түн ортасынан бастап Англияның барлық аумағында енгізілетін жаңа шектеу шаралары туралы жариялады. 

Англиядағы жаңа ережелер: 

Наурыз айындағы локдаун секілді төтенше жағдайларды қоспағанда, адамдарға үйден шығуға тыйым салынады.

Төтенше жағдайларға медициналық қажеттілік, азық-түлік дүкеніне бару, физикалық жаттығулар, сондай-ақ үйден жұмыс істей алмайтындар үшін жұмысқа бару кіреді 

Сейсенбіден бастап барлық мектеп пен колледж (сирек жағдайларды қоспағанда) ақпан демалысына дейін қашықтан оқытуға көшеді 

Балабақша сияқты мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мекемелер ашық болады 

Алдағы жазда жылдық емтихандар тоқтатылады (немесе арнайы ережелер бойынша өтеді) 

Университет студенттері демалыстан студенттік қалашықтарға оралмайды және оқуды қашықтан жалғастырады 

Гольф алаңдары, теннис корттары және ашық спорт алаңдары сияқты ашық спорт нысандары жабық болады 

Әуесқой спортшыларға арналған іс-шаралар тоқтатылады, бірақ кәсіби спортшыларға, соның ішінде футбол премьер-лигасына ойынды жалғастыруға рұқсат етіледі 

Премьер-министрдің айтуынша, егер бәрі ойдағыдай болса, онда ақпан айының ортасында төрт басым топтың барлық өкілі (оған қарттар үйінде тұратындар мен осы мекемелердің қызметкерлері, 70 жастан асқан адамдар және медицина қызметкерлері кіреді) вакцинаның алғашқы дозасын алады. 

Биліктің айтуынша, бұл жоғары тәуекел тобына кіретін адамдарды қорғайды және осылайша бірқатар шектеулерді алып тастауға көмектеседі. 

Британияда жетінші күн қатарынан күніне 50 мыңнан астам жаңа жағдайлар тіркелуде.Тіпті кеше 58 мың індетке шалдығу жағдайы тіркеліп, рекорд орнады. Дүйсенбі күні Англия ауруханаларының өзінде коронавирус жұқтырған 26 мыңнан астам пациент болды. 

Оксфорд вакцинасы 

Ұлыбритания қалыпты өмірге оралу үмітін жоғалтпайды. Ал бұл үміт халықты жаппай вакцинациялаумен, атап айтқанда Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы әзірлеген препаратты қолданумен байланысты. Ұлыбритания бұл вакцинаны қолдануды мақұлдаған және оны қолдануды бастаған әлемдегі алғашқы ел болды. 

Дүйсенбіде Оксфорд вакцинасын алған әлемдегі алғашқы пациент 82 жастағы Брайан Пинкер болды, оның бүйрегінде ақау бар. Ол Оксфорд ауруханасында гемодиализде. Вакцинациядан кейін ол ақпан айында әйелі Ширлимен бірге үйлену тойының 48 жылдығын атап өтетініне үміт білдірді. 

Ұлыбританияда қазірдің өзінде жаңа вакцинаның 530 мың дозасы бар. Хэнкок дүйсенбіде хабарлағандай, елде 700 егу орталығы ашылды, ал аптаның соңында олардың саны 1 мыңнан асуы керек. Борис Джонсон жексенбіде алдағы айларда ондаған миллион британдық вакцинацияланатынын атап өтті. 

Ұлыбритания Оксфорд вакцинасының 100 миллион дозасына тапсырыс берді. Бұл 50 миллион адамды вакцинациялауға жеткілікті. 

Ресей: Петербургте ауырғандар саны Мәскеудегіден де асып түсті, Басилашвили коронавирус жұқтырды 

Ресейде жедел штабтың мәліметінше 19 қарашадан бері алғаш рет тәуліктік өсім 24 мыңнан аз көрсеткішті 23 351-ді көрсетті. Санкт-Петербургте ауырғандар саны алғаш рет Мәскеуде анықталған жағдайлардан асып түсті. 

Санкт-Петербургте 3657 жаңа жағдай тіркелсе, ел астанасында 3591 жаңа дерек анықталды. 

Ресейде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 3,2 млн-нан асты. 

Санкт-Петербургте ауруға шалдыққандар арасында Ресейдің халық әртісі Олег Басилашвили де бар. Өткен демалыс күндері ол әйелімен бірге ауруханаға жатқызылды. 

Токио төтенше жағдай жариялауға дайындалып жатыр 

Жапонияда инфекция жұқтырғандар санының күрт артуына байланысты Токио мен оның маңындағы қалаларда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. 

NHK хабар тарату корпорациясының хабарлауынша, Жапонияда 31 желтоқсанда ауруға шалдығу жағдайларының рекордтық өсімі, яғни 4520 оқиға тіркелсе, жексенбіде 3158 оқиға анықталған. Бұған дейін ел билігі жаппай вакцинация басталатынын мәлімдеген.

Новости партнеров