30-дан астам жол учаскесін су шайып, салдарынан ескертуді елемеген ер адам қаза тапты
Ақмола облысына тасқын қаупі төніп тұр. Қазірдің өзінде сегіз ауданда су деңгейі көтеріліп, бірнеше елдімекен жұртын әбігерге салған. Макинск қаласында ондаған үй тасқын астында қалып, тұрғындар эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыс бойынша 30-дан астам жол учаскесін су шайып кеткен. Өкінішке қарай, төтенше жағдай адам өліміне де әкелді. Жолдың жабық бөлігін айналып өтпек болған көлік сайға құлап, жүргізуші қаза тапты. Онда болған тағы үш адамның екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Ақмола облысы, Бұланды ауданында су тасқынына байланысты жағдай күрделене түсті. Алғашқы толқын 21 наурызда тіркеліп, төтенше жағдайлар қызметі қауіптің алдын алған болатын. Алайда арада екі апта өтпей жатып, өңірде қайта су деңгейі көтерілді.
«Ауданда кеше қолайсыз ауа райы болды. Жауын 170 пайыз нормадан артық жауып, тоғайдағы қар еріп, Макинск қаласында көшеге су жайылды», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Бұланды ауданының орталығы мен маңайындағы елдімекендерде су тасқыны шегіне жетті. Жедел штабқа тұрғындардан түскен қоңыраулар легі толастар емес.
«Төтеншеліктерді шақырдық. «Өтінішіңіз қабылданды, қазір барамыз» деді. Сағаттап күттік, бірақ ешкім келген жоқ. Тек түстен кейін ғана бір экскаватор келді. Жол бойындағы арықты қазды. Бірақ оның еш пайдасы тимеді. Қазған су қайтадан кері ағып, үйіме қарай жайылды», – деді Макинск қаласының тұрғыны Тамара Шакшинаү
Ауданда Қоңыр өзені арнасынан асып, Новобрат ауылдық округіндегі бірнеше тұрғын үйге су кіріп үлгерген. Зардап шеккен нысандарға келтірілген залал көлемі есептеліп жатыр. Ал көршілес Атбасар ауданында жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Соңғы тәулікте өзендердегі су деңгейі жарты метрге дейін төмендеген.
«Тұрғын үйлерді су басу жағдайы тіркелген жоқ. Қажет болған жерлерде алдын алу шараларын жасадық. Кей жерлерді бекітіп, құм қаптар қойдық. Әрине оңай болған жоқ. Бірақ бәріміз бірлесе әрекет етіп, бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», – деді Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов.
Бүгін таңертең Астрахан ауданында да су тасқыны тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ондаған үйді су басқан. Қазір апат орнында құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері тәулік бойы кезекшілік жасауда.
Мәлік Мади, Карина Негметова, Ақмола облысынан
Оқи отырыңыз: Еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жасалды