Алматыда коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі анықталған жоқ. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин арнамызда болған «Басты назарда» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, өткен аптада 53 зерттеу жүргізілген. Ешқайсысында «Дельта» штамы болмапты. Енді мұндай зертханалық тексеру жұмыстарын күнделікті жасаймыз деп отыр.
«Дельта» штамы таралып жатыр дегенде, біз қол қусырып отырмаймыз. Тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Осыған дейін айына бір рет зерттеу жасасақ, енді жұмысты күнделікті істейтін боламыз. Мутацияға ұшыраған штаммдарды тексеретін арнайы құрылғымыз бар. Ол 99 пайызға нәтижені дұрыс көрсетеді. Әзірге аурудың бұл түрі Алматыда жоқ», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасындағы ақпарға сай, Алматы қайтадан «сары» аймаққа ауысты. Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин алматылықтарды босаңсымай, санитарлык талаптарды сақтауға шақырды.
«Тек қана вакцинация қазіргі таңда бізді қорғайды. Біздің эпидемиологтар әзірлеп жатқан эпидемияға қарсы шектеу шараларын сақтау керек. Көбінесе айтып отырмыз маска киіңдер, әлеуметтік арақашықтықты сақтаңдар деп», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.