Алматыда №12 орталық қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімі мен тағы бір бөлімі карантинге жабылды. Бүгін осы аурухананың 12 дәрігерінің коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Науқастарды қабылдау бөлімі мен бір бөлім дезинфекция жасау үшін жабылды. Инкубациялық кезең 14 күн болғандықтан, індет жұқтырғандармен жақын байланыста болған қызметкерлер бақылауға алынды», - делінген баспасөз қызметі хабарламасында.
Ал қазіргі уақытта қызметкерлер кезекшілікке түскен күннен бастап байланыста болған пациенттер іздестіріліп жатыр.
Айта кетсек, біз бұған дейін №12 орталық қалалық клиникалық аурухананың 12 қызметкерінің қауіпті вирусты жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.