Алматыда карантин режимін сақтамағаны үшін 74 нысанның қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық бөлім қызметкерлері жүргізген жұмыс барысында заңбұзушылықтар анықталды – 100 адамға арналған Gastro Bar «ZTB» қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істеп тұрған.
Мекеме 23.00-ден кейін жұмысына кіріскен, сондай-ақ, мұнда келушілер, қорқор шеккен.
Жол патрульдік полиция қызметкерлері ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған.
«Бұған дейін де бірқатар нысандарда: «Инесса» азық-түлік дүкені, «Алаш» дәмханасы, донер асханасы, шаурма сататын дүңгіршек, «Frat Gelmez» сұлулық салоны, «sofra» асханасы, «Тағам» асханалары, «Small» супермаркетінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталған», - делінген хабарламада.
Мониторингтік топ жұмысы басталғалы бері қала бойынша 2 353 нысанға тексеру жүргізілген, олардың 136-ының Алматы қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулы талаптарын бұзғаны белгілі болды.
Осыған байланысты 74 нысанның (олардың 56-сы нысан басшылығының шешімімен) жұмысы тоқтатылды және өрескел заңбұзушылықтар анықталған 77 нысанға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.