Таразда өзін қоғам белсендісі ретінде көрсетіп, кәсіпкерлерді қанап келген қылмыс әлемінің серкесі қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv
Соңғы кездерде әлеуметтік желіде аяқ асты белсенділік танытып, блогерге айналған ол заңға қайшы әрекетін де тоқтатпаған. Керісінше, екі істің басын қосып «қайырымдылық қорын» ашыпты. Жастарды тәрбиелеу жөніндегі патриоттық қозғалыстың атын жамылып, өзін «әділет жақтаушы» ретінде көрсеткен. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, ұсталған азамат жымысқы әрекетін іске асыру үшін қылмыстық тобын жұмылдырып, кәсіпкерлерден ақша бопсалап, келіспегендерге күш қолданып келген.
«Полицияға топтың 9 мүшесі жеткізілді, 20-дан астам тінту жүргізіліп, қаңтар оқиғасы кезінде облыстық полиция департаментінен ұрланған Калашников автоматы, екі «Макаров» тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару тәркіленді. Сонымен қатар қылмыстық топтан екі келіден астам есірткі тәркіленді. Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 12 қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.