Интернет-алаяқтық: Астанада қылмыскерлерден мыңнан аса SIM-карта табылды

www.gov.kz
www.gov.kz
Бұл алаяқтарға әлемнің кез келген нүктесінен жалған нөмір арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік береді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада интернет-алаяқтықтың жолын кесу бойынша жедел іс-шаралар барысында мыңнан астам SIM-карта тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың көпшілігі SIM-қораптан табылды. Бұл алаяқтарға әлемнің кез келген нүктесінен жалған нөмір арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік береді.

Операцияны ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері елордалық әріптестерімен бірлесіп жүргізді.

– Барлығы осындай 11 жабдық, сондай-ақ ноутбуктер, телефондар мен модемдер тәркіленді. Дыбыс күшейткіштері ретінде көрсетілген SIM-қораптар жалдамалы пәтерден және ұсталғандардың бірінің көлігінің жүксалғышынан табылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бар мән-жайлар анықталатын болады, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.  

Бүгінде интернет-алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түрі болып саналады. Азаматтар әлі де қылмыскердің айласына түсіп қалады.

Қоңырау арқылы жасалған қылмыстың алдын алудың жолы – тұтқаны қойып, әңгімені тоқтату, бөтен адамның айтқандарына сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу. Құқық қорғау органдары қызметкерінің телефон арқылы, оның ішінде WhatsApp немесе Telegram көмегімен операция жүргізбейтінін естен шығармау қажет.

Новости партнеров