Түркістан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырған 25 адамға қатысты 950 томдық қылмыстық іс сотқа жіберілді. Алаяқтарды анықтау жұмысы 1 жылға жуық уақытқа созылған. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алданып қалған жәбірленушілер тарапынан арыз-шағым 2020 жылдың жаз айынан бастап тіркелген. Тергеу амалдары кезінде тұрғындар қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алғаны белгілі болды. Ал алаяқтар түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Бүгінде бұл азаматтар Қылмыстық кодекстің 190 және 217-баптары бойынша айыпты деп танылып, олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленіп алынды.
«Осы іске қатысты 26 адам күдікті деп танылды. 26 адамның біреуі қазір іздеуде. 26 күдікті – Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының тұрғындары және Түркістан облысының тұрғындары. Жәбірленуші болып саналатын 2 мыңнан астам Қазақстан Республикасының әр облысының азаматтары. Қылмыстық топ жәбірленушілерге 3 миллиардтан астам залал келтірген», – деді облыстық ПД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.