Алматыда күйші-композитор Мұрат Өскінбаевқа арналған мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шараның салтанатты ашылуына сазгердің жерлестері мен оның ізін қуған өнерпаздар, сондай-ақ туыстары қатысып, күй өнерінің алып тұлғасын еске алды.
Айта кетсек, Мұрат Өскінбаев ескерткіш тақта ілінген үйде 1962-1966 жылдар аралығында өмір сүрді.
«Алматы қаласы әкімдігінің және Мәдениет басқармасының қолдауымен бірігіп жасалған дүние. Атамыздың тұрған үйіне мемориалдық тақта қою кейінгі ұрпаққа, бізге парыз деп есептейміз. Бұл кісінің атқарған еңбегі жалпы қазақ өнеріне, Маңғыстау күйшілік өнеріне үлес қосты. Бұл кісі – тарих», – деді М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы директорының орынбасары Данияр Сағынғалиұлы.
Мұрат Өскінбаев барша қазақ өркениетіне домбыра тартудың тағы бір ерекше дәстүрін алып келді. Ол күйші ғана емес, ән айтып, жыр жырлаған композитор ретінде тарихта есімі қалды. Алматыға Ахмет Жұбановтың бастамасымен келіп, күйші Дина Нүрпейісованың алдынан өтіп, қазақ өнерінің ардақтысы атанды. Оның репертуарында 300-ден астам күй бар.
«Көке, домбыра тартып берші» десең, тартып беретін. Ашық мінезді, ақкөңіл адам еді. Сондай кең мінезді адам еді. Ағайынның бәрін сағынып іздеп отыратын. 300 күйі бар еді, бәрін тартатын», – деп еске алады М.Өскінбаевтың баласы Алдаберген Өскінбаев.