Отандық драматургия мен театр өнерінде тың жаңалық! Әйгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің сиясы кеппеген «Бөрте» пьесасы Аустралияның Мельбурн қаласында сахналанбақ. Спектакль алдағы жылдың көктемінде жазушының 80 жылдық мерейтойына орай көрерменге ұсынылады деп жоспарланып отыр. Шығарма әлемді жаулаған Шыңғыс ханның жары, қазақ қызы Бөрте туралы. Бұдан бөлек, жазушының бірқатар шығармасы алғаш рет швед тіліне аударылып кітап болып басылып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бөрте» драмасы – Дулат Исабековтың жуырда ғана жазылып біткен тарихи туындысы. Автор пьесаны бас-аяғы екі жарым айдың ішінде жазған. Бірақ қаламгер шығарманы жазбас бұрын бұрын бір жылдай зерттеп-зерделеп, еңбектенген.
«Тілін, лексиконын, менталитетін, қазақтың, монғолдың мінез-құлқын зерттеу. Солардың арасынан Бөртеге байланысты оқиғаларды әр гүлге қонған ара сияқты іздеп жүріп таптым және менің негізгі арқасүйерім «Монғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшы» болды», – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.
Жалпы шығармада атақты ханға жар болудың қиындығы, қазақ қызының қайсар мінезі баяндалады. Автордың өзі «күлліні қолында ұстаған Шыңғыс ханның жүрегін, мейірімін, әйелге деген махаббаты мен өмірге деген көзқарасын өзгерткен Бөрте еді» дейді.
«Енді қарап тұрсам, сенің айтқаныңның бәрінің жөні де, реті де бар екен. Соның арқасында бүкіл монғол халқы сені жақсы көрді. Тіпті, менің ұлы қаған болуымның өзі сенің арқаңда, сенің ақылың» деп айтатын болыпты. «Мен саған ризамын. Егер де мен сені бағаламай келсем, айып етпе, кешірім сұраймын» дейді. Міне, сол Шыңғыс хан осылай деген», – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.
Су жаңа шығармаға қазір Швейцария, Люксембург, Австрия мен Аустралия елдері қызығушылық танытып, театрда сахналауға ниет білдіріп отыр. Соның ішінде Еуразиялық Шығармашылық гильдиясының мұрындық болуымен Аустралияның Мельбурн қаласында «Бөртені» 2022 жылдың көктемінде көрерменге ұсыну жоспарланып жатыр. Қаламгердің шығармашылығындағы жаңалықтар мұнымен бітпейді. Жуырда ғана жазушының 5 повесі мен 3 әңгімесі кітап болып тұңғыш рет швед тілінде жарық көрді. Жинаққа «Гаухар тас», «Дермене», «Үндемес», «Біз соғыс көрген жоқпыз», «Өкпек жолаушы» және үш әңгімесі – «Қабылан», «Ескерткіш», «Социализм зәулімі» енген.
«7-8 шведтің үлкен жазушыларына кітап тегін таратылды. Олар енді үлкен мақалалар дайындап жатыр. Кеше ғана бұл кітап швед оқырмандарына қатты әсер етіп жатыр деген хат келіпті, түнде оқып шықтым. Бұның өзі қуанышты нәрсе», – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.
Осы сияқты шведтің Hertfordshire Press баспасы тағы екі кітап шығаруды қарастырып жатыр. Оның ішінде «Қарғын» романы бар. Айта кетсек, келер жылы қаламгер 80 жасқа толады. Соған орай көптеген шара ұйымдастырылмақ. Мәселен қазан айында еліміздің үш театрының қатысуымен Вена немесе Люксембургте фестиваль өткізу көзделіп отыр.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы