Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Қара шаңырақ – 2022» атты фестивалі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара биыл КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, кино және театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтың 90 жылдығына арналған. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестивалде театрдың бір маусымында шыққан жаңа спектакльдерге талдау жасалады. Мақсаты – жаңа қойылымдардың сапасын, актерлердің шеберлігін бағалау. Фестиваль 11 желтоқсанға дейін жалғасады.
«Актерлар үздіксіз ізденуі қажет. Ізденіс тоқтаған кезед актерлік өнер де тоқтап қалады. Ал оны бағалау театр сыншылары үшін де, біз үшін де қажет. Қай бағытта барамыз? Қандай актерлік жетістігіміз бар, қандай олқылығымыз бар? Соны саралау керекпіз», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы режиссері Әубәкір Рахимов.
Әкемтеатр ұжымы Әзірбайжан Мәмбетовке арналған көрме де ұйымдастырған. Онда өнер ордасының музейінде сақталған 100-ге жуық фотосурет пен афишалар ұсынылған. Қоғам қайраткерінің тарихи спектакльдердегі сахналық образы, майлы бояумен бейнеленген портреттері қойылған.
«Құнды, тарихи керемет жәдігер қолымызға тиді. 1984 жылы Мәскеудегі Вахтангов театрында Әзірбайжан Мәмбетовты шақырып, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» спектаклі қойылған екен. Сол кездегі афиша бізге жетіп отыр», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.