Бостандық ауданында медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін биыл маусым айында «Керуен Medicus» медициналық орталығында 40 орындық жаңа перзентхана корпусы және ауысымына 300 келушіге арналған емхана ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімінің айтуынша, қазан айында 300 орындық «Балалар жедел жәрдем орталығының» операциялық блогымен бірге қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар медициналық мекемелердің жүктемесін азайту мақсатында әкімдік 6 денсаулық сақтау объектісін салу және реконструкциялауды жоспарлап отыр.
«Әрқайсысы 500 орындық 2 жаңа емхананың және Орталық қалалық клиникалық аурухананың 500 орындық жаңа корпусы жобалануда. Бұл объектілердің құрылысы 2024 жылы басталады. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының ғимаратын, сондай-ақ №4 және №12 емханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жобалануда. №4 және №12 емханаларды жөндеу жұмыстары қараша айында, ал Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы келесі жылдың наурыз айында басталады»,- деді Ерболат Досаев.