Онкологиялық ауруларға тегін скринингті қалай және қайда өтуге болады

Алматы онкологиялық орталығынан
Алматы онкологиялық орталығынан
Алматыда жыл соңында аудандық емхана желісі скринингтік тексеруден өтетін контингенттің тізімін жасайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау тиімді емдеуге және 5 жылдан астам ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге, тіпті толық емдеуге ықпал етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта сүт безі және жатыр мойны обыры кезінде, барлық кезеңдегі анықтауды ескергеннің өзінде, 5 жылдық өмір сүру деңгейі 70% не одан да көп. Ал ерте кезеңде анықталған кезде бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жетеді. Аурудың әр түрлі локализациясы кезінде 5 жылдық өмір сүру пайызы да әр түрлі, бірақ ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым жақсы емделеді», - дейді Алматы онкологиялық орталығының онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекова.

Онколог бүгінде скринингтік зерттеулерден бастап компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонансты томография (МРТ), позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ), эндоскопиялық зерттеу, генетикалық тестілеу және басқа да әдістерді қолдануға дейін онкологиялық ауруларды диагностикалаудың барлық заманауи әдістері қолданылып жатқанын атап өтті.

«Қазақстанда скринингтік тексерулер мемлекеттік бағдарламаға кіреді, ол сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, тоқ және тік ішек обырын ерте анықтау үшін онкологиялық скринингті қарастырады, өйткені онкологиялық аурулардың бұл түрлерімен сырқаттанушылық деңгейі жоғары. Тіркелген жеріңіз бойынша емханада скринингтік тексеру тегін жүргізіледі», - дейді Райхан Болатбекова.

Алматыда жыл соңында аудандық емхана желісі скринингтік тексеруден өтетін контингенттің тізімін жасайды.

Жаңа жыл басталғанда учаскелік медбикелер денсаулық сақтау ақпараттық бағдарламасы арқылы жас ерекшелігіне қарай скринингтен өтуі қажет адамдарды скринингке шақырады.

Сондай-ақ емханада жыл басында барлық науқас өте алатын дәрігерге дейінгі және тексеру кабинеттері бар.

Мұнда медбике науқастың жасына сәйкес скрининг өткізу туралы хабарлайды.

«Егер пациент келіссе, скрининг сол бөлмеде-ақ жүргізіледі. Өкінішке қарай, барлық пациент келісе бермейді. Мұндай жағдайда медицина қызметкерлері бұл процедурадан өтудің маңыздылығын түсіндіреді. Олар қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтау жақсы емделетіні туралы баса айтады», - деп атап өтті сарапшы.

Онколог қатерлі ісік ерте сатысында симптомсыз болатындықтан жасырын екенін, сондықтан адам өзін толық сау сезінсе де, белгілі бір жас кезеңінде скрининг қажет екенін айтады.

Тиімділігі дәлелденген қатерлі ісік скринингінің әдістерін еске түсірейік: 2 жылда бір рет 40-70 жас аралығындағы әйелдерде сүт безі обырының маммографиялық скринингі; 4 жылда бір рет 30-70 жас аралығындағы әйелдерде жатыр мойны обыры мен ісік алды жағдайына цитологиялық скрининг жүргізу; 2 жылда бір рет 50-70 жас аралығында тоқ ішек және тік ішектің қатерлі ісігіне жасырын қан анализін алу және алдын ала ісікке скрининг, колоноскопия.

Оқи отырыңыз: Үндістанда коронавирустың жаңа штамы анықталды

Новости партнеров