Алматы қалалық кардиология орталығында озық диагностика және емдеу әдістерінің негіздері шеңберінде «POCUS тұжырымдамасы: клиникалық тәжірибеде қолдану және мобильді ультрадыбыстық диагностикада жасанды интеллекті қолданудың артықшылығы» тақырыбында шеберлік сыныбы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ДСБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға арнайы шақырылған шетелдік дәрігер Hatem Soliman Aboumarie (Royal Brompton and Harefield Hospitals, London, UK) қатысты.
Жыл өткен сайын жасанды интеллект өмірдің әр түрлі саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Медицина саласы да шетте қалған жоқ.
POCUS (Point-of-Care Ultrasound) тұжырымдамасы дәрігерлер науқасты тексеру кезінде-ақ, қосымша ультрадыбыстық диагностикалық процедураға жолдамасыз, өздері ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін тәсілді білдіреді. Мұндай тәсіл емделушінің жағдайын ыңғайлы және жылдам бағалауға мүмкіндік береді. Демек диагностика уақыты қысқартылып, дереу емдеуді бастау мүмкін болады.
- Бұл тұжырымдаманы клиникалық тәжірибеде қолдану бірқатар айқын артықшылыққа ие. Біріншіден, ол жоғары сапалы диагностиканың қолжетімділігін жақсартады әрі медициналық қате ықтималдығын азайтады. Дәрігерлер палатада, жедел жәрдемде не шұғыл көмек көрсету бөлімдерінде науқасқа ультрадыбыстық зерттеуді бірден тез әрі тиімді түрде жүргізіп, науқас өмірін сақтап қала алады, - дейді Қалалық кардиологиялық орталық директоры Роза Қуанышбекова.
Сонымен қатар мобильді ультрадыбыстық диагностикада жасанды интеллектіні пайдаланудың артықшылығы ультрадыбыстық зерттеу арқылы жиналған үлкен көлемдегі деректі өңдеу және талдау контекстінде айқын болады. Машиналық оқыту және жасанды интеллект алгоритмдері алынған кескіндерді талдауды автоматтандыру, нәтижелерді интерпретациялау процесін жеңілдету және диагностикалық дәлдікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні пайдалану ультрадыбыстық диагностиканы әр түрлі мобильді құрылғылар мен қосымшаларға біріктіруді жеңілдетеді.
- Яғни, диагностикалық және емдеу процесіне қатысушылар - басқа мамандық дәрігерлері, мәселен, емдеуші дәрігер, не медбикелер - ультрадыбыстық зерттеуді пайдалана алады және жүргізе алады. Мұндай құрылғының шағын өлшемі мен салмағына байланысты төтенше жағдай медицинасында кеңінен қолданылады. Визуалды ақпаратты смартфонға сымсыз тасымалдауды пайдалану, стандартты ультрадыбыстық аппаратқа қарағанда төмен құны оларды төтенше жағдайда, соның ішінде табиғи және техногендік апат кезінде пайдалануды жеңілдетеді. Өз кезегінде біз жақын арада бұл тәжірибені біздің Орталықта енгізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Роза Қуанышбекова.
Осылайша, POCUS тұжырымдамасы мобильді ультрадыбыстық диагностикада жасанды интеллекті қолданумен бірге науқастың жағдайын тез, дәл және қолжетімді диагностикалауға мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде емдеу нәтижесін жақсартуға және медициналық көмек алу уақытын қысқартуға септігін тигізеді.
Жасанды интеллектінің арқасында ауруды дәлірек анықтауға, оның кезеңі мен дамуын білуге болады.
Шара барысында портативті ультрадыбыстық диагностикалық жүйені қолдану арқылы әр түрлі жүрек патологиясы бар науқастар бойынша дәріс оқылып, зерттеулер жүргізілді.
Шеберлік сабағы қатысушылардың кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, қаланың медицина саласының дамуына зор үлес қосты.
Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы 2023: денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болды