2020 жылы Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаржы 45,5 млрд теңгеге артады

2020 жылы Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаржы 45,5 млрд теңгеге артады
Бүгінгі күнге дейін барлығы 5,9 мың адам бірыңғай жиынтық төлем төлеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жылы оңтүстік астаналықтарға арналған медициналық көмекке бөлінетін қаржы бір жарым есе немесе 45,5 млрд теңгеге артады. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

«Қаржының көбеюіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі себеп. Биыл қала бойынша тегін медициналық көмекке бюджеттен 116,8 млрд теңге бөлінген болатын. Ал, 2020 жылға 160,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр», - деді Т.Әбілдаев.

Айтуынша, сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық бағытында ауқымды жұмыс атқарылған. Нормативтік-құқықтық база жасалып, үш деңгейлі медициналық көмек жүйесі бекітілді, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қажетті ақпараттық жүйелер іске қосылды.

Қазірдің өзінде Қор келісімшарттар мен қосымша келісімдерді автоматты түрде жасауға мүмкіндік беретін функционалды қолданысқа енгізді. Биылғы тамыз айынан бастап жекелеген құжаттарға ЭЦҚ көмегімен қол қойылып жатыр. Ондағы мақсат – медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстарының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету және жемқорлық фактілерінің алдын алу.

Сонымен қатар, дайындық барысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстары да жүріп жатыр.

«Қазіргі таңда қалада статусы анықталмаған 55 мыңнан астам азамат тұрады. Оның: 12 мыңы – «жалдамалы жұмыскер», 15,6 мыңы – «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар», 8,8 мыңы – «ресми тіркелмеген жұмыссыздар». Бүгінгі күнге дейін барлығы 5,9 мың адам бірыңғай жиынтық төлем төлеген. Жыл басында енгізілген жиынтық төлем аталған санаттағы азаматтардың бәріне МӘМС жүйесіне қатысып, толыққанды көмек алуға мүмкіндік береді», - деді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жетекшісінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Естеріңізге сала кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылады. Бастапқы үш айда МӘМС пакетіндегі қызметтерді статусына қарамастан еліміздегі барлық азаматтар пайдалана алады.


Новости партнеров