Алматыда 87 жастағы әжей екіжақты пневмониядан құлан таза айығып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқас психикалық орталық базасында құрылған коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдейтін провизорлы стационарға полисегментарлы өкпе қабынуы диагнозымен жеткізілген. Бұл туралы қалалық психикалық орталықтың директоры Сапар Рахменшеев мәлімдеді. 18 күн ем қабылдаған егде жастағы кейуана соның 5 күнін жан сақтау бөлімінде өткізген.
«18 күн жатты, соның 5 күнінде жан сақтау бөлімінде болды. Қанды сұйылтатын, өкпенің қабынуына қарсы дәрі-дәрмектер арқылы, жалпы ішкі ағзаға керек дәрумендермен емдеу арқылы, оттегі беру арқылы апамыз 18 күн емделіп, айығып, аман-есен өз жанұясына оралды», – деді қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Қазір қарт ананың жағдайы жақсы дейді туған-туыстары. Ол пәтер ішінде өздігімен емін-еркін қозғала алады. Орталықтан шығарған сәтте науқастың балаша қуанғанын дәрігерлер ерекше ілтипатпен еске алады.
«Апамызды шығарған кезде ол кісі шынын мәнінде баладай қуанды үйіне кетіп бара жатқанда. Біздің қызметкерлерге, орта буын, кіші буын дәрігерлерге өзінің батасын беріп, алғысын айтып, қуанып кетті. Енді біз кейде балалары мен немерелеріне хабарласып тұрамыз телефон арқылы, олар апамыз пәтердің ішінде өзі жүріп тұрады, асханаға барып тамақ ішеді деп ризашылығын білдіріп жатыр», – деді қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Орталық директорының мәлімдеуінше, осыдан бір ай бұрынғы жағдайды салыстырғанда қазір провизорлы стационарға түсіп жатқан аурулардың саны едәуір азайған. Қазір орталыққа күніне 5-8 науқас түседі.