Дода: Almaty TV-де зияткерлік ойын-сауық бағдарламасы көрерменге жол тартады

Жаңа маусымның алғашқы шығарылымы 20 наурызда сағат 22:00-де шығады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty.TV жаңа маусымда көрермендерге қызықты әрі мазмұнды жобалар ұсынуды жалғастыруда. Солардың бірі – «Дода» интеллектуалдық бағдарламасы.

Бұған дейін көрермен ықыласына бөленген жоба биыл жаңаша форматта, тың өзгерістермен қайта оралды. Жұмада сағат 22:00-де эфирге шығатын бағдарлама таным мен тапқырлық жарысын ұсынады. Әр апта сайын қатысушылар 45 минут бойы көрерменді ой жарысына жетелейді.

Жұманың кеші дәл осындай көтеріңкі көңіл-күймен басталады. Бұл жолы да екі буын өкілдері тапқырлық пен білім жарысында бақ сынайды. Маусымның басты жаңалығы – жүргізушінің ауысуы. Ойынның тізгінін танымал актер Арман Жаналиев ұстайды. Өнерімен көпшілікке жақын әзілкеш сайысқа жаңа леп беріп, көрерменге қызықты сәттер сыйламақ.

«Әзілге байланысты бағдарламалар жүргіздім. Ал бұл бағдарламаға келген кезде әзілі де бар және тарих, спорт, өнер жайлы түрлі сұрақтар қойылады.  Бағдарлама мен үшін дебют болып жатыр» – деді бағдарлама жүргізушісі Арман Жаналиев.

Зияткерлік ойын «Жұмбақ сөз» кезеңімен басталады. Онда қатысушылар үш түрлі бейненің ортақ мағынасын табуға тырысады. Ал «Жұмбақ зат» сайысында берілген заттың атауы мен оның қолданылу мақсаты анықталады. Жалпы ойын 6 кезеңнен тұрады. Олардың қатарында «Қызық әлем», «Сергіту», «Мирас» және «Мәртебелі өнер» кезеңдері бар. Әсіресе, «Мирас» кезеңі ерекше қызығушылық тудырады. Мұнда қатысушылар көне бұйымдардың қандай мақсатта пайдаланылғанын анықтауы қажет.

Білім мен тапқырлық сыналатын ерекше зияткерлік бәсекеде өнер, әдебиет және эстрада майталмандары ой жарыстырып, өздерінің логикасы мен білім деңгейін сынайды.

«Интелектуалды, көтеріңкі көңілді бағдарламаларға қол тисе, уақыт болса көп келемін. Бұлардың ең басты миссиясы, мақсаты – көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Абай «Көтермесе көңілді, кір басады» дейді. Жобаны көріп алып, білекті түріп, көрермендер орнынан тұрып, көңілді форматта өмірін ары қарай жалғастыра береді», – деді актер Нұржан Тутов.

 «Биыл «Дода» интелектуалдық сайысын ұсынамыз. Былтыр алғашқы маусымы эфирге шықты. Көрерменге қызықты әрі қаралымы жоғары болғандықтан екінші маусымын ұсындық», – деді Almaty TV Продюсерлік бөлімінің жетекшісі Әйгерім Асқарбай

«Дода» – білім мен көңіл көтеруді тоғыстырған ерекше жоба. Әр бейсенбіде экранға көз тіккен көпшілікті қызықты сұрақтар, тартысты бәсеке және ерекше ой жарысы күтіп тұр. Жаңа маусымның алғашқы шығарылымы жұмада сағат 22:00-де шығады. Білім мен тапқырлық бәйгесін өткізіп алмаңыз.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов.

Оқи отырыңыз: Жаңа маусым: шаһар тарихынан сыр шертетін «Алматинские истории» жобасы көрерменге жол тартты

Новости партнеров