Әр секунд санаулы: Almaty TV ТЖД диспетчерінің маңызды жұмысы туралы баяндайды

Almaty.tv
Almaty.tv

Жаңа шығарылымның кейіпкері – Алматы қаласының ТЖД диспетчері Саниям Гуламова

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV арнасында «Шаһар шырайы» арнайы жобасы көрсетіле бастады. Жобаның басты мақсаты – өз өмірін сүйікті ісіне арнаған, кәсібилігімен, еңбекқорлығымен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарды көрсету, таныту.

Алматы қалалық ТЖД диспетчері Саниям Гуламова 20 жылға жуық уақыттан бері өртке қарсы қызметте еңбек етіп келеді. Еңбек жолын енді бастаған кезде оған оңай болмапты: Алматы – адамға лық толы өте көп нысаны бар, жаттап алуды қажет ететін сансыз көшелер мен түрліше аталатын ғимараттар орналасқан ірі мегаполис.

«Менің жұмыстағы басты міндетім – өтініш білдірушінің хабарламасын жылдам әрі нақты қабылдап, өрт сөндіру бөлімшелерін оқиға орнына шұғыл жөнелту. Біз сонымен қатар электр, газ қызметтері, жедел жәрдем және полиция сияқты басқа да қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Төтенше жағдайда әр секунд санаулы, сондықтан тез әрекет етіп, адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет», – дейді Саниям Гуламова.

Әрбір қоңырау шұғыл әрекет етуді талап етеді. Диспетчерлер қажетті қызметтерді оқиға орнына жедел жіберуі тиіс. Кезекші бөлімге түрлі сипаттағы қоңыраулар түседі: тек өрт туралы хабарламалар ғана емес, полиция немесе жедел жәрдемнен көмек сұраған өтініштер де болады. Ондай жағдайда диспетчерлер қоңырау шалушыны қажетті қызметтерге бағыттап немесе қай нөмірге хабарласу қажеттігін айтып береді.

«Өзім осы мамандықты дұрыс таңдағаныма сенімдімін. Менің жұмысым адам өміріне тікелей әсер ететіндіктен, өз қалама, еліме, халқыма пайдамды тигізіп жатқаныма қуаныштымын. Күн сайын Алматы тұрғындарының қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету үшін қолымнан келгенді аянбаймын», – дейді қалалық ТЖД диспетчері Саниям Гуламова.

Айта кетсек, Almaty TV телеарнасында «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар. 

«Шаһар шырайы» жобасының бұған дейінгі кейіпкерлері: Қазақ мемлекеттік циркінің эквилибр жанрының әртісі Батыр Жанұзақ, «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев, шаңғы инструкторы Олжас Мыңбаев, экоблогер Меруерт Салықова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мәди Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болған еді.

Оқи отырыңыз: Достық даңғылы: Almaty TV-де «Алматы көшелері» бағдарламасының жаңа шығарылымы жарық көрді

Новости партнеров