Алматыдағы тұрақты жұмыс орындарының 85%-ға жуығы шағын және орта бизнес саласында құрылады
Almaty tv бизнесті дамытуға арналған «Made in Almaty» жобасының кезекті шығарылымын ұсынады. Әр шығарылым зауыттан шағын цехқа дейінгі аралықтағы кәсіпорындардың креативті және қарқынды даму жолын назарға алмақ.
Алматы – кәсіпкерлік әлеуеті жоғары мегаполис. Бүгінде шаһарда 420 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, онда алматылықтардың 85%-ы, яғни 940 мыңға жуық адам еңбек етеді. Осындай кәсіпорындардың бірі – пластикалық бұйымдарға арналған қалыптарды жасайтын заманауи зауыт. Бұл өндіріс ошағы Италия және Қытайдан әкелінген жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған. Мұндағы автоматтандырылған жүйе өндіріс процесін оңтайландырып, еңбек өнімділігін арттырады.
«Әрбір бұйымды шығару үшін біз «3D модельдеуден» бастаймыз. Компьютерде бұйымның өзін сызу керек. Кейін оның қалыбы сызылады. Қалып осындай түрде болады. Осы жерден пластик қатты қысыммен құйылады. Кейін гидравликамен бұл бұйымды шығарып аламыз», – деді конструктор – технолог Әділхан Әлжанов.
Мұнда қалып жасаудың күрделі процесі заманауи, толық автоматтандырылған станоктардың көмегімен жүзеге асады. Жоғары дәлдікті талап ететін өндірісте қателікке жол жоқ, сондықтан жұмыс тәулік бойы үш ауысымда жүреді.
Өндіріс орны өнеркәсіптің өркендеуіне де сүбелі үлес қосып келеді. Машина жасау мен мұнай-газ саласынан бастап сан түрлі өндіріс ошақтары дәл осы зауытқа жүгінеді. Мұнда қалыптарды жасау ғана емес, шетелдік өндірушілердің олқылықтарын түзету де дағдыға айналған. Бір қалыпты дайындау айларға созылса да, ол іске асқан сәттен бастап зауыт мыңдаған өнім шығаруға қауқарлы.
«Біздің мақсатымыз – өндіріс процесін жеңілдетуге арналған инфрақұрылымды құру. Бізге негізінен ірі сериялы өндірістер жүгінеді. Біз кез келген пластикалық бұйымды жасай аламыз. Егер бір адам өз үлгісімен келсе, біз сол үлгі негізінде дизайн әзірлеп, қалып дайындап, өз өндірісімізде құю жұмыстарын жүргізе аламыз», – деді компания директоры Жанат Қапесов.
Алдағы уақытта зауыт жаңа белеске қадам баспақ. Кәсіпорын пластикалық және металл бұйымдарын сериялық өндіруді қолға алып, роботтандырылған дәнекерлеу кешендері мен заманауи бояу желілерін іске қосуды көздейді. Бұл бастама ел өнеркәсібінің дамуын жеделдетіп, импортқа тәуелділікті азайтуға сеп болмақ.
Айта кетейік, бүгінде индустриялық аймақта 107 кәсіпорын жұмыс істеп, жалпы құны жарты триллион теңгеге бағаланатын жобаларды жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде 14 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мұндай кәсіпорындардың дамуы елдің импортқа тәуелділігін азайтып, отандық өнеркәсіпке жаңа серпін береді. Осының барлығы Алматы әкімдігінің тұрақты қолдауының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Өткен жылы шағын және орта бизнесті дамытуға 53 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 70 миллиард теңгеге жетпек.
Almaty TV-де «Алматы көшелері», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көргенін еске салайық.
Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көрерменге жол тартады.