Сапа — басты назарда: «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымында сабын өндірісі жөнінде

Сапа — басты назарда: «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымында сабын өндірісі жөнінде

Өнеркәсіптің болашағы – инвестицияларды дамыту, жұмыс орындарын құру және технологияларды енгізу

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty tv телеарнасы бизнестің дамуы туралы «Made in Almaty» жобасының жаңа шығарылымын ұсынады. Әр репортажда креативті және қарқынды дамып келе жатқан компанияларға – ірі зауыттардан бастап шағын шеберханаларға дейін ерекше назар аударылады.

Алматы – еліміздегі кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Бүгінде мегаполисте 420 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда 940 мыңға жуық адам еңбек етеді. Сол кәсіпорындардың қатарында отандық сабын өндіретін бірегей зауыт та бар. Мұнда күнделікті тұрмыста қолданылатын сабынынан бастап, арнайы құраммен дайындалатын 33 түрлі өнім түрі шығарылады. Бар болғаны 30 қызметкерден тұратын ұжым үшін әрбір өнім - сапа мен адалдықтың айнасы. Себебі зауыттың басты қағидасы – халал стандарттарына сай, таза әрі қауіпсіз өнім шығару.

«Зауыттың іргетасы 2014 жылы қаланды. Ол кезде Қазақстан нарығында отандық сабын мүлде болмаған. Сауда сөрелерін шетелдік өнімдер жаулап алған еді. Негізінен Ресейден, Түркия мен Ираннан жеткізілетін. Сол себепті біз осы бағытта өндіріс жолға қойылуы керек деп шештік. Әуелден ақ басты мақсат - сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну болды. Бүгінде шығарылатын тауардың ерекшелігі – оны нәрестелердің өзіне қолдануға болады», – деді коммерциялық бөлім бойынша директордың орынбасары Аида Даненова.

Өндірістік цехта Түркиядан арнайы жеткізілген заманауи құрылғылар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Мұндағы барлық өнім табиғи және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Себебі өндірісте негізгі шикізат ретінде Малайзиядан әкелінетін пальма майынан жасалған сабын гранулалары қолданылады. Ал хош иістендіргіштер, табиғи экстракттар мен дәрумендер Германия мен Түркиядан импортталады. Айта кетерлігі, кәсіпорын өнімдері халықаралық халал стандарттарына сай. Бұл арнайы сертификатпен расталған. Яғни, сабын құрамында тыйым салынған қоспалар жоқ.

«Сабынның жасалу үдерісі дәл осы жерден басталады. Негізгі шикізат ретінде біз Малайзия мен Индонезиядан жеткізілетін сапасы жоғары сабын түйіршіктерін қолданамыз. Оларды белгілі бір мөлшерде су, глицерин және арнайы хош иістендіргіш қоспалармен араластырамыз. Кейін бұл қоспа алдымен салқындатылады, содан соң қайтадан қыздырылып, вакуумды құрылғыға жіберіледі. Соңғы кезеңде дайын масса белгілі бір пішінге келтіріліп, өндірілетін сабын түріне қарай кесіліп, қалыпқа салынады», – деді кәсіпорын қызметкері Айгерім Сейсенбай.

Қазіргі таңда отандық сабын зауыты Ресей, Ингушетия, Шешенстан мен Краснодар өлкесіне тұрақты түрде экспорт жасайды. Ендігі меже - Қытай нарығы. Осы бағытта кәсіпорын өнім түрлерін кеңейтіп, жуырда кір жуғыш ұнтақ пен дерматитке қарсы сабын шығаруды қолға алған. Мұндай бастамаларға мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау бар. Мәселен, «Даму» қоры өз қызметін бастағалы бері жалпы құны 2,2 триллион теңгеге 20 мыңнан астам жобаны қаржыландырған. Оның 85 пайызы - микро және шағын бизнеске тиесілі. Бұл - қаланың экономикалық серпінін еселейтін нақты қолдау.

Almaty TV-де «Алматы көшелері»«Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көргенін еске салайық. 

Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көрерменге жол тартады.

Оқи отырыңыз: Тақтай шығаратын зауыт: Almaty TV-да «Made in Almaty» жаңа шығарылымы

Новости партнеров