Алматыда соңғы үш жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды
Әр шығарылымда авторлар тұрғындармен, тарихшылармен және сәулетшілермен бірге осы уақытқа дейін белгісіз болып келген деректі ашады. Сонымен қатар, қала билігінің өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктерді, көшелер мен даңғылдарды жаңарту және өзгерту жоспарын айтып береді.
Алып шаһар Алматыда ел егемендігі жолында ерлігімен есте қалған ерлердің есімі берілген көше көп. Соның бірі – «Желтоқсан» жастарының құрметіне аталған көше. Ел тәуелсіздігі жолында сол кезде қаншама боздақ жанын қиды, қаншама жан қанын төкті. Барлығының жүрегіне ұя салған жалғыз арман – ол азаттыққа жету. Көшеге «Желтоқсан» атауы ел Тәуелсіздік алған 1991 жылы берілді. Ал оған дейін Ыстықкөл, кейіннен Мир деп аталды.
«Бұрын малды тауға қарай айдап, Үлкен Алматы өзенімен Ыстықкөлге шығып кететін жол болған. Соғыстан кейінгі кезеңде «Мира» атауы берілген. Ал 1986 жылғы оқиғаға байланысты 1991 жылы «Желтоқсан» деп атады», – деді тарихшы Еркін Өтеуов.
Алматының саяси һәм мәдени тарихында айрықша орын алатын Желтоқсан көшесі – өткен мен бүгіннің және болашақтың арасындағы көпір. Қаланың солтүстігінен оңтүстігіне қарай Алматы-2 темір жол стансасынан басталып, әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта созылып жатыр. Алмалы және Медеу аудандарын кесіп өтетін көшенің ұзындығы 6400 метр. Жол бойында оқу орындары, әкімшілік ғимараттар, бизнес орталықтар мен кеңес заманы кезінде бой көтерген тұрғын үйлер орналасқан.
Көшенің Сәтбаевпен қиылысында «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші бар. Ол 2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай бой көтерген. Еркіндіктің еңселі ескерткішінің бірі болған бұл сәулет өнері елдің егемендігі мен тәуелсіздігін бейнелеп, бейбітшілік пен татулықты насихаттайды.
Қала тұрғындары да көшенің күн санап көркейіп келе жатқанына куәгер. Тұрғындардың айтуынша, сауда орындары, скверлер мен кешкілік жарқыраған шамдар ерекше атмосфера сыйлайды.
«Көптен бері Алматыда түрамын, көп нәрсе өзгерді. Бұл көшенің өзінің ерекшелігі бар. Өткен ғасырда салынған ғимараттар сүрілмей, тек жаңғыртылып, тарихи келбетін сақтап тұр. Сондықтан басқа көшелерден өзгеше деп айта аламын», – деді қала тұрғыны Ольга Климова.
Көше бойымен көліктер оңтүстіктен солтүстікке қарай бір бағытта ғана қатынайды. Сондай-ақ екі бағытқа да жүретін автобус жолақтары бар. Алайда қала билігі көшені жайлы ете түсу үшін бірқатар шаруа атқармақ. Жауаптылардың сөзінше, қазіргі Тимирязев және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы БРТ желісі Желтоқсанға дейін ұзартылып, көше бойымен төмен қарай Райымбек даңғылына жетеді.
«Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарын сәуірде басталып, жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды. Қоғамдық көлік Тимирязевтегідей жолдың ортасымен емес, екі шетімен жүретін болады», – деді мобилділік басқармасының бөлім басшысы Данияр Надырханов.
Мамандардың сөзінше, аталған жоба аясында тек БРТ салынбайды. Онымен қоса аялдама кешендері, жол белгілері жаңғыртылады. Сондай-ақ жаңа бағдаршамдар орнатылады деп жоспарланған.
Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасымен шаһарда соңғы 3 жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 км автожол салынды. Ал биыл тағы 300 шақырым жол жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ мегаполисті абаттандыру аясында «Қасбеттен қасбетке дейін» жобасы шаһардың 10 көшесінде жүзеге асады. Олардың қатарында Пушкин және Жібек жолы, Достық даңғылы бар. Жоба шеңберінде тротуарлар жөнделіп, жасыл желек отырғызылып, тұрғын үй аумақтары түрленеді.
Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.
Оқи отырыңыз: Алматы көшелері: Райымбек даңғылы қалай өзгереді