Алматыда мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру мақсатында республикалық бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Алдағы 4 жылдың ішінде шаһардағы барлық педагогикалық қызметкерлердің жалақысы екі есеге көбейеді. Сондай-ақ, 1-інші қаңтардан бастап елімізде жәрдемақы мен зейнетақы төлемдері де көбейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр ұстаздардың мәртебесін көтеру мақсатында педагог қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейген болатын. Бұған мектеп ұстаздары, балабақша тәрбиешілері, колледждер мен қосымша білім беру жүйесінің қызметкерлері ілінген. Ал, биыл 1 қаңтардан бастап, мұғалімдер айлығы тағы да 25 пайызға көтерілмек. Осы мақсатта Алматыда мемлекеттік бюджеттен 30,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл қарқынмен алдағы 4 жылда мегаполистегі 32 мың педогогтің айлығы 2 есеге өседі деп жоспарланып отыр.
«Былтырғы 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, мұғалімдердің магистрлік дәрежесі үшін қосымша ақы төленеді. Сонымен қоса, тәлімгерлік жұмыстары үшін мұғалімдерге қосымша жалақы төленіп жатыр. Соның аясында қазір қажетті жалақымызды алып жатырмыз. Бұл дегеніміз ғылым саласында жұмыс жасап жатқан педагог қызметкерлері үшін қосымша мотивация», – деді Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 гимназияның мұғалімі Алтынбек Сұлтанқұлов.
Сонымен қатар, биыл сынып жетекшілігі үшін, дәптерлерді тексеру, педагогикалық шеберліктің қосымша ақылары 2 есеге көбейтіліп, ұстаздарға барынша қолдау көрсетілуде. Бұдан өзге, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де өсіп, бала санына байланысты
«Қаңтар айынан бастап қосылған жәрдемақы үшін Президентімізге көп-көп рахмет! Мұндай көмектер көпбалалы аналарға аса қажет және осындай жәрдемақылар халықтың санын көбейтуге зор үлес қосады», – деді көпбалалы ана Ұлан Нұрмахамбетова.
Биыл зейнетақы мөлшері де 7 пайызға өсіп, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 1 мың 689 теңгеден 18 мың 524 теңгеге көбейіп отыр. Сәйкесінше, әйелдердің зейнетке шығу жасы да ұлғайып, 60 деп белгіленді. Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап, қазақстандықтар зейнетақы қорында жиналған қаржысының бір бөлігін алуына да мүмкіндік туған. Тек, зейнеткерлер өз жинағының 50 пайызын ала алса, «жеткілікті шектен» асатын сомасы бар азаматтар қаражаттың бір бөлігін ғана иемденеді.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, Ғани Қалуов,«Алматы» телеарнасы.